Биыл 19 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады
Таяу Шығыстағы ахуал әлем, одан біздің елдің де экономикасына да әсер етпей қоймайды. Биыл елде шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға 47 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Шикізаттық емес секторды дамытуға аумағы 200 мың шаршы метрден асатын 34 аймақты құру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аймақтардың өңдеу өнеркәсібін өркендетуге барынша ықпал етуге тиіс. Бағдарламаға бизнес тарапынан сұраныс жоғары. Себебі өңірлерде инфрақұрылым тартылып, кәсіпорынға қажет ғимараттар тұрғызылады. Сондықтан бағдарламаға қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылады.
Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру 2029 жылға дейінгі стратегияның аясында жүріп жатыр.
Елде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру қолға алынды. Қазір сегіз өңірде 34 аймақ ашу көзделіп отыр. Бұл аймақтар Астана мен Шымкент қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында құрылмақ. Жалпы аумағы – шамамен 265 мың шаршы метр. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ақпараты бойынша маусымның аяғына таман Түркістан облысында 12 шағын өндірістік аймақ іске қосылады. Ал жыл соңына дейін облыстарда тағы 19 аймақ ашу көзделген. Бұдан бөлек келесі жылдың алғашқы тоқсанында үш аймақ жұмысын бастайды. Нысандар бизнеске арналған ғимараттар тапшылығын жоюға тиіс. Қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
«QazIndustry» қазақстандық Индустрия және экспорт орталығы» АҚ:
- Бағдарлама бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға бағытталған. Шағын өнеркәсіптік аймақтар арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың аумағында да, одан тыс жерлерде де құрылуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлерге өз ісін бастауға немесе кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Моноқалаларда 15 мың жұмыс орны ашылады
Биылғы жылдың 5 айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6 пайызға өсті. Оның ішінде қара металлургияда – 3,4 пайыз, машина жасауда 10,5 пайыз өсім тіркелді. Сондай-ақ мұнай өңдеуде, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіруде өсім бар.
Өнеркәсіп өндірісінде моноқалалардың үлесі қомақты. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өндіріс көлемінің үштен бірі моноқалаларға тиесілі. Былтыр олардың үлесі 36 пайыздан асты. Елде 20 моноқала бар. Ол жерлерде 1,5 млн адам тұрады. Бүгінде шаһарлар экономикасын әртараптандыру жұмыстары жүріп жатыр. Кейінгі бес жылда құны 846 млрд теңге болатын 44 жоба жүзеге асты.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Екібастұз, Саран, Қаражал, Рудный сияқты қалаларда мыс концентраты, автомобиль шиналары, теміржол дөңгелектері, натрий цианиді және металл прокатын өндіретін ірі өнеркәсіп нысандары іске қосылды. Нәтижесінде 5 200 тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы жылдары моноқалаларда құны 6,2 трлн теңге болатын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Шамамен 15 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады.
Қара металлургия – 3,4%
Машина жасау – 10,5%
Мұнай өңдеу – 11,3%
Химия өнеркәсібі – 9,9%
Құрылыс материалдары – 10,3%
Қорғасын түгел өңделеді
Биыл елде өндірілген мыстің 16 мың тоннадан астамын өзімізде өңдеу көзделген. Жыл санап мысты өңдеу көлемі артып келеді. Егер 2021 жылы мыстың 5 300 тоннасы ғана өңделсе, былтыр бұл көрсеткіш 13 200 тоннадан асты. Қазір елдегі 16 кәсіпорын отандық мысты пайдаланып отыр. Жылына 460 мың тонна мыс өндіріледі. 2029 жылға дейін соның 91 мың тоннасы кәдеге жаратылмақ.
Ал өндірілген қорғасын түгел отандық кәсіпорындарда қолданылады. Былтыр елде аккумулятор шығаратын екінші зауыт іске қосылды. Зауыт өнеркәсіптік батареялар құрастырады.
Мыс өндеу көлемі
2021 жылы – 5,3 мың тонна
2024 жылы – 13,2 мың тонна
2025 жылы – 16,2 мың тонна
2029 жылы – 91 мың тонна
Ғалымжан Төребек, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда 81 мың мен 100 мың арасында қорғасын шығаратын болсақ, осы шараның негізінде қорғасын көлемі 42 мың тоннаға дейін артатын болады. Жалпы айтқанда, 50 пайызға жуық қорғасын іште өңделетін болады. Егер жалпы көрсеткішпен айтатын болсақ, біздің жоспарымыз бойынша 2029 жылға дейін осы қорғасынды іште өңдеу 81 мың тоннаға дейін, былайша айтқанда 100 пайызға жеткізу көзделуде.
Мырыш өңдеуде өсім бар
Мырыш өңдеуде де өсім бар. Мәселен былтыр елде өңделген мырыш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 55 пайызға өсті. Яғни 3 600 тонна мырыштан бұйым жасалды. Отандық шикізатты пайдалану арқасында өнім көлемін көбейту көзделген. Сөйтіп 840 тонна есік-терезе жабдықтары, 920 тонна фурнитура және 1520 тонна жол қоршаулары шығарылмақ.
Мырыш өңдеу
2024 жылы – 3 600 тонна
Есік-терезе жабдықтары – 840 тонна
Фурнитура – 920 тонна
Жол қоршаулары – 1 520 тонна