Елде 8,5 млн адам спортпен шұғылданады
Елде кейінгі үш жылда спортпен шұғылданатын азаматтардың саны 24%-ке артты, деп хабарлайды 24kz.
Қазір 8,5 млн-ға жуық адам, яғни, халықтың 40%-тен астамы салауатты өмір салтын ұстанады. Туризм және спорт министрлігі бұл көрсеткіштің өсе береріне сенімді. Өйткені қоғамда сапалы спорт инфрақұрылымы мен қолжетімді спорттық қызметтерге сұраныс артқан. Оған қоса, бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау да жүйелі жүзеге асып келеді.
Былтыр дене шынықтыру және спортты дамытуға арналған мемлекеттік инвестиция 153 миллиард теңгеден 315 миллиард теңгеге жетті. Қаражат еліміздің түкпір-түкпірінде спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға, спорт секциялары мен үйірмелерін қолдауға, бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ білікті кадрларды даярлауға жұмсалып жатыр.