Елдегі жалғыз ұшақ жөндеу зауыты тоқырап тұр

Қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы бірегей кәсіпорын тоқырап тұр, деп хабарлайды 24KZ. Өткен жылдың ақпан айынан бері «Қазақстандық авиациялық индустрия» жұмысын тоқтатып, қызметкерлерінің 85%-тен астамы  мәжбүрлі түрде жалақысыз демалысқа кеткен. Ал қисапсыз қарыздың салдарынан зауыт есепшоттары бұғатталып, өндіріс уақытша істен шықты. Кәсіпорынның жағдайымен тереңірек танысу үшін бүгін депутаттар өндіріс орнын аралап, жұмысшылардың базынасына құлақ түрді.

«Қазақстандық авиациялық индустрия» кәсіпорны 13 жыл әскери және азаматтық мақсаттағы ұшақтар мен тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету мақсатында құрылған. 2023 жылға дейін зауытта жылына 10-ға жуық ұшақ жөндеуден өтіп, авиацияға қажетті техниканың бір бөлігі қарқынды түрде өндіріліп келді. Алайда 5 жыл бойы жиналған салық берешегі мен төленбеген айыппұл кәсіпорын қызметіне тосқауыл болды. Өндіріс тоқтап, 160-тан астам маман қызметтен кетті.

Мәжит Исабаев, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС өндірістік кешен басшысы:

- Зауыт жұмыс істеп тұрғанда біз ұшаққа арналған «чехолдар» тігетінбіз, сатылар жасайтынбыз. Осында тұрған авиациялық механиктердің жұмысын жеңілдететін құралдардың бәрін біз шығардық. Ұшақтың техникалық жағдайын жылдам жақсартуда бұл өте маңызды. Ал қазір тек құжаттармен айналысып жатырмыз.

Қалыпты жұмыс істеген тұста зауытта 270 маман қызмет еткен. Ал қазір 60 шақты ғана адам қалған. Оның өзінде де кәсіпорын мекемесін қадағалау үшін жартысы ғана күнделікті жұмысқа шығатын көрінеді.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Зауыт 1,5 жылдай істемей тұр. 4-5 ұшақ, соның ішінде СО25 деген ұшақтар осы жөндеуден өтеді дегеніне 5 жыл болды. Салықты уақытылы төлемегендіктен, айыппұлдар көбейіп, Беларусь Республикасымен осындай жағдайда 2 миллиардқа жуық салық қарыздары бар. Екіншіден, осындай бір айыппұлдары бар екен. Осы мәселені біз тез арада шешуіміз керек.

Қайрат Жауханов, «Қазақстандық авиациялық индустриясы» ЖШС бас директоры:

- Басты мәселе – бұрынғы менеджер жіберген қателіктерден туындаған қаржылай қиындықтар. Сондықтан қазір кәсіпорынның қарызы өте көп. Салықтық берешектің кесірінен есепшоттардың барлығы бұғатталған. Сол үшін де өндіріс тоқтап тұр. Оның үстіне 1,5 жыл бойы тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Қаржылай қиындыққа жер дауы да қосылып, мәселе ушыға түскен. Кәсіпорынның мәліметінше, бұрын №3656 әскери бөлімшесі өндіріс орнының кей нысандарын жалға алған. Алайда жалға алу мерзімі аяқталған соң әскери бөлімше рулеж жолы мен перронның бір бөлігін құжатсыз қолданған. Сондай-ақ мамырда Астана әкімдігі зауыт аумағынан 1,5 гектардан астам жерді Ұлттық ұлан қажеттілігіне беру туралы да шешім шығарған.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сыртқы серіктестерге қатысты сұрақтар бойынша, мәселен, тауарлар қай жерлерде тұрып қалды, оларды қалай алып келу керек деген сынды ведомствоаралық мәселелерді шешуге біздің депутаттық топ өкілдері жауапты болады. Біз еліміздегі және Орталық Азиядағы бірегей кәсіпорынды сақтап қалудың барлық амалын жасаймыз.

Бүгінде зауыт аумағында 6 әскери және азаматтық ұшақ бос тұр. Төртеуі еліміздің оңтүстік шекарасын күзетуге қажетті Су-25 ұшағы.

Қайрат Жауханов, «Қазақстандық авиациялық индустриясы» ЖШС бас директоры:

- Біздің кәсіпорын Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери дайындығын күшейтеді. Мемлекеттің өз әскери авиациясы болуы керек. Сол себепті мұндай ауқымды деңгейдегі жалғыз кәсіпорынды сақтап қалуымыз керек.

Авиациялық логистиканы дамыту – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген стратегиялық мақсаттардың бірі. Айтылған уәде жерде қалмас үшін депутаттар қаржыландыру көздерін тауып, өндірістік базаны қорғау тетіктерін қолға алмақ.

Авторлары: Назым Қайрат, Асхат Қарақойшиев