Атырауда Соколок каналына бөгет салған мердігер қалалық әкімдікпен соттасып жүр
Атырауда былтырғы тасқын кезінде судан қорғау жұмыстарына жалданған мердігер қалалық әкімдікпен соттасып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Компанияның күшімен Соколок каналына 16 шақырымдық бөгет салынды. Жүздеген адам және 50-ден астам техника жұмылдырылды. Бірақ жергілікті билік атқарылған жұмыстарға 625 миллион теңге төлеуге асығар емес.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл жиналғандар былтырғы тасқын кезінде бөгет тұрғызғандар. Арнасынан асқан Жайық қаланы шығыс жағынан қоршай бастағанда барлық күш облыс орталығына жұмылдырылған еді. Екі айдан астам уақыт бойы ұзындығы 16 шақырым, биіктігі 6 метр бөгет салынды. Осы жұмысты атқарған мердігер: «Әлі күнге дейін әкімдік тарапынан уәде етілген қаржы берілмеді», - дейді. Сондықтан жұмысшыларға тиесілі жалақысын төлей алмай отыр.
Әсемғали Қуанышев, мердігер:
- Біз күні-түні жұмыс жасадық Оның ішінде техника: экскаватор, погрузщик, самосвал техникаларын арендаға алдық. Өзімізде 48 техникамыз бар. Соның барлығын салып, осы жерде жұмыс жақсы жүрді. Оның ішінде солярка, тамақ бәрі өзімізден шықты, өзіміз алдық.
Келісім бойынша қалалық әкімдік салынған бөгеттің 1 шақырымы үшін 39 млн теңге төлеуге тиіс болған. Құжатқа қол қойылғасын кәсіпкер бар шығынды өз қалтасынан төлеп, жұмысты атқарған. Бірақ еткен еңбегіне бір тиын да алмаған. Енді әкімдікпен соттасуға мәжбүр. Бұған дейін қалалық сот даулы мәселені кәсіпкердің пайдасына шешкен. Ал әкімдік мұнымен келіспей, облыстық сотқа шағымданған.
Әсемғали Қуанышев, мердігер:
- Облыста үш рет сот болды. Төрағаның өзі қарады Пәрменов. Ешқандай іске кедергі-қайшылығымыз жоқ, талап еткен ақшамызды сұрап отырмыз. Шешім шығаруға асықпайды. Бізге жұмысшының айлығы төленуі керек, алған техника төленуі керек. Салық 200 млн теңгедей, КПН мен НДС бар төленбей тұр. Шот жабылды. Кредит төленбегелі жылдан асты.
Қалалық әкімдік мердігер мекеме келісімшарт талаптарын толық орындамады деп санайды. Сондықтан сот шешімін күтеді.
Жан Досқалиев, қалалық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
- Соколок каналы бойында бес компания жұмыс істеді. Олардың төртеуі демеушілікпен тегін жұмыс істеді. Жалғыз осы «АГК-групп» ақша талап етіп отыр. Сосын олар келісімшартта бөгетке керек топырақ 15-20 шақырым қашықтағы карьерден тасымалдады деп көрсеткен. Ал шындығында, топырақты 500 метр жерден алған. Сондықтан біз соттың шешімін күтеміз.
9 шілдеде бөгетке сараптама жасалады. Соның нәтижесінде облыстық сот даулы мәселеге нүкте қоюы тиіс.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин