Елімізде тұқымдардың генетикалық банкі құрылады

Елде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына мүше мемлекеттер үшін тұқымдардың халықаралық генетикалық банкі құрылады.

Қор түрлі өсімдіктің жоғары сұрыптарын сақтауға және 41 мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі болуға мүмкіндік береді. Экологиялық, экономикалық немесе саяси дағдарыс жағдайында, дәнді-дақылдар ауыл шаруашылығын қайта жаңғырта алады. Ислам ұйымы, аграрлық ғылымды дамытуға және импортқа деген тәуел-діліктен арылуға ниетті. Бүгін сенаторлар Дархан Қыдырәлі мен Ғалиасқар Сарыбаев Ислам ұйымының Астанадағы штаб-пәтеріне барды. Жұмысымен танысып, басым бағыттарды талқылады. 

Берік Арын, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры:

- Бір бағытымыз осы ұйымға мүше елдердің әлеуетін арттыру. Білім мен ғылым бөлісу. Дағдарыс жағдайында қажетті көмек көрсету. Бұл салада біз мысалы Қазақстан және бірқатар елдің қолдауымен кезінде Ауғанстанға, Сирияға көмектестік. Биыл қаңтар айында Палестинаға, Газа секторына көмектестік.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жақындаға ғана біз «Дипломатиялық қызмет мәртебесі туралы» Заңды бекіттік. Сонымен қатар Азия кеңесі туралы келісімді ратификацияладық. Дипломатиялық мәртебе туралы құжат осы ұйымға тікелей байланысты. Қандай қолдау керек болса, көмек көрсетуге дайынбыз. Соның ішінде ұйымның мәртебесі, ондағы әсіресе қазақстандық дипломаттардың мәртебесі туралы.