Қарағанды облысының Нұра ауылында 14 жас дәрігерге пәтер беріледі
Қарағанды облысының Нұра ауылында бос тұрған ғимарат Дәрігерлер үйі ретінде қайта жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Нысанда жас мамандар үшін 14 қызметтік пәтер болады. Бұл кадр тапшылығы проблемасын шешуге көмектеседі. Нұра ауданына қарасты тағы 10 ауылда медицина нысандары салынып жатыр.
Әділет Жақсылық Қарағанды медицина университетін 2020 жылы бітірген. Жас маман Нұра аудандық ауруханасына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен рентгенолог дәрігер болып орналасқан. Бес жылда біраз тәжірибе жинақтады. Бұған дейін пәтер жалдап келген ол жақында қызметтік пәтер алады.
Әділет Жақсылық, рентгенолог дәрігер:
- Ауруханада жұмысқа деген барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда дәрігерлерге арнап дәрігерлер үйін салып жатыр. Қазіргі таңда дәрігерлерге арнап барлық жағдайды жасап жатыр. Сондықтан осы ауылда неге жұмыс істемеске?!
Нұра ауданы бойынша 58 медицина маманы 25 ауылдық округке қызмет көрсетеді. Бұл жеткілікті. Тек аудандық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинеколог және өзге де мамандар жетіспейді. Ал жастарды ауылға тарту үшін бірінші кезекте әлеуметтік жағдайды жасау маңызды. Осы орайда Нұра кентінде Дәрігерлер үйі салынып жатыр. Нысанның құрылысы қыркүйекте толық аяқталуы тиіс.
Ал Қараой ауылында жаңа медициналық пункт салынып жатыр. Оған бюджеттен 131 миллион теңге бөлінген. Бұрын мұнда жеке дәрігерлік пункт болмаған. Ауылдағы 550 адамға әкімдіктің аядай бөлмесінде қызмет көрсетіліп келді.
Еркегүл Хавсемет, Нұра аудандық ауруханасының орталық меңгерушісі:
- Медицина қызметкерлері бұл ауылда болды. Бірақ олар әкімдіктің ішінде, бір бөлменің ішінде тұрды. Енді сонда жұмыс істеп тұрған. Көбінесе науөқастарды аудандық ауруханаға жібереді. Мұнда 550-дей адам тұрады. Соған арнап медициналық пункт салып жатыр. Тамыз айында аяқтап, қыркүйекте іске қосамыз деп, жобаны дайындап жатырмыз.
Жалпы облыс аумағында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 медициналық нысан салу жоспарланған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит