Е. Қошанов Шығыс Қазақстан облысына барды
Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды 24KZ. Делегация бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Соның бірі – «Лу Бань» шеберханасы. Ол Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде орналасқан. Мұнда студенттер электромобиль, ақылды көлік жүйелері және заманауи автотехнологиялар бойынша білім алады. Аталған шеберхана Қазақ-Қытай басшыларының келісімі негізінде ашылған. «Біз осы жоба арқылы әлемдік технологияларды елге әкеліп, жастарды болашақ техникалық жоғары кәсіби мамандықтарға даярлаймыз. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Еңбек адамы – экономиканың басты тірегі» деген сөзінің іс жүзінде орындалуы», – деді Мәжіліс төрағасы.
Бұдан кейін сапар «Үлбі ТВС» ЖШС-да жалғасты. Орталық Азиядағы теңдесі жоқ зауытта уран отыны өндіріледі. Жылдық қуаты 200 тонна. Зауыт – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Әрмен делегация «Алтай» көтерме-тарату орталығына бас сұқты. Кешен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.