БҚО-да жаңартылатын энергия көздерін енгізу жобасы басталды

Алғашқы жел өлшейтін мұнара облыс орталығына кіреберіс аумаққа орнатылып жатыр. Нысан алдағы уақытта салынатын 50 мегаваттық жел электр станциясының әлеуетін айқындап бермек. Жоба 22 млрд теңгеге бағаланып отыр.  

Орнатылып жатқан мұнараның биіктігі 142 метрге жетеді. Нысан басында желдің жылдамдығы мен бағытын өлшейтін құрылғылар орнатылады. Мамандар сол арқылы осы маңдағы жел өтінің күші мен жиілігіне барлау жүргізеді.

Жанарбек Сейітбаттал, мердігер компанияның өкілі:

- Біз осы жерге жел электр станциясын әкелеміз. Сол қанша МВт, сосын қанша биіктікте болады, соған қарап сондай станциялар әкеледі. Бір жыл тұрады. Қыста, жазда, көктемде. Қай уақытта қандай желдің күші болады, соны өлшейді. 

Жиналған деректер турбиналардың саны, биіктігі мен орналасатын жерін анықтауға көмектеседі. Жоба үш жылдың ішінде толық іске асуы тиіс. Бұл жерде заманауи жел турбиналарының толыққанды паркі бой көтеріп, мыңдаған тұрғын электр энергиясымен қамтамасыз етіледі деп айтып отыр мердігерлер.

Бейімбет Мусин, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а.:

- Маусым айында Пойма ауылында күн электр станциясын салуға арналған аукцион өтті. Жобаға инвестор табылды. Станцияның жобалық қуаты 30 МВт болады. Бұған қоса, гибридті станция салу жұмыстары да басталды. Қазір жер телімі анықталды. Бұл нысанның жалпы қуаты 5 мегаватт болмақ. Биыл күн панельдерін жеткізуді көздеп отырмыз. Ал келер жылы газ поршенді генератор жеткізіледі. Жобаға итальяндық компания қатысады. 

Мамандардың айтуынша, Батыс Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытуға нақты мүмкіндік бар. Себебі аймақта жел тұрақты және екпінді, күн шуақты күндер саны көп, ал бос жер көлемі жеткілікті.

Асқар Ғайсин, Электр энергиясын тарату компаниясының бас инженері:

- Қазіргі әлемдік деңгейде алғанда да қазір жаңартылған энергия көздеріне көшу көптеп байқалып жатыр ғой. Егер де аудандағы елді мекендердегі әрбір жеке қожалықтарға осындай энергияның балама түрін көптеп орнатса, олар біздің магистральдық жүйеге авария көп алып келмейді. Неге десеңіз, олардың көбінде біздің тарифтің ақшасына олардың бәрінде техникалық қызмет көрсету мүмкін болмай жатыр. 

Облыста электр желілерін жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл мақсатқа 2 млрд-тан астам теңге бөлінген. Бөрлі, Тасқала, Ақжайық, Бөкей ордасы және Бәйтерек аудандарындағы желілер жаңартылады. Барлық жобалар аяқталған соң, өңірдегі электр желілерінің тозуы 74%-ға дейін төмендемек.

Авторлары: Мерей Бает, Альбина Кумаргалиева, Калыбек Акрап, Эльдар Аюпов