Колледждерде үш мың бағдарлама әзірленеді

Жаңа оқу жылында елдегі колледждерде жұмысшы мамандарды даярлауға арналған тағы үш мың бағдарлама әзірленеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Қазірдің өзінде арнайы реестрде 8 мыңнан астам бағдарлама қолжетімді. Олардың жартысынан көбі мемлекеттік тілде әзірленген. Бағдарламалардың екі жарым мыңы дуалды оқытуға бағытталса, 70-і ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған. Колледждер инженерия, ақпараттық-коммуникациялық технология, қызмет көрсету, бизнес және басқару салаларына басымдық беріп отыр. Бағдарламаларды саралауға педагогтар мен жұмыс берушілер тартылған.