Апаттың алдын алуға арналған ақылды жүйелер орнатылды

Төтенше жағдайлар министрлігі енді Qarmet компаниясының 8 шахтасын тәулік бойы онлайн режимде бақылай алады.

Осылайша қай аумақта қанша кенші жүргенін қашықтан қадағалауға болады. Бұл жүйе қандай да бір оқыс оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді – дейді, ведомство өкілдері. Жалпы аталмыш министрлік соңғы кезде цифрландыру бағытына басымдық берген. 

Бұл төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығы. Мұнда өңірлердегі департаменттер тәулік бойы видео байланыста отырады. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда жедел штаб құрылып, орталықтан басқарылады. Ол үшін түрлі тың жүйелер қосылған. Яғни, жер сілкінісін алдын ала болжауға, орман алқаптарындағы өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал жуырда орталыққа Qarmet компаниясының 8 шахтасындағы бақылау камералары қосылды.

Бексұлтанәли Рахымбаев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы:

- Жарылыстарды және басқа да техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында біз қазіргі уақытта Qarmet ұйымының 8-ге жуық камераларды өзімізде интеграцияладық. Бұл камералардың ең басты мақсаты – кенеттен болатын жарылыстар немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтау және де адамдардың орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді.

Жазғы маусым – орманды алқаптарда өрт болу қаупі жоғары кезең. Бұл ретте орталыққа 100-ге жуық бақылау камерасы қосылған. Яғни тәулік бойы мамандар ормандардағы жағдайды қадағалай алады. Егер өрт шыға қалса дереу әрекет етеді.

Елдос Зияда, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Орман шаруашылықтарында орналасқан арнайы камералар бар. Ол камералар жасанды интеллект арқылы өртті анықтап, осы командалық орталыққа мәліметтер беріледі.

Алгоритм бойынша ТЖМ, экология министрлігі және басқа да қызметтер сол өрт орнына жедел түрде жіберіледі. 20-дан астам оқиғалар болды камера анықтаған. Камералар ерте анықтағанның арқасында ол өрттер тез жойылып, үлкен өртке ұласқан жоқ.

«Жаз айында өрттен бөлек, таулы аймақтарда сел жүру қаупі де күшейеді. Былтырдан бері министрлік Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы көлдерінде 31 селді анықтау автоматты жүйесін орнатқан. Соның арқасында апаттың алдын алуға мүмкіндік туды», – дейді мамандар.

Бексұлтанәли Рахымбаев,  ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы:

- Қазіргі уақыттарда жүргізілетін ұшқышсыз ұшу аппараттардың бейне түсірілімдері. Ол морендық көлдер дейміз, олар жалпы таудың шыңында орналасқан көлдердің күйін, көлемін анықтауға мүмкіншілік береді.

31 камераның ерекшелігі – бұл камералардың фото және видео түсіру мүмкіншіліктері бар. Соның арқасында Алматы қаласына қауіп тудыратын 4 өзенге фото және видео жүргізіп, бақылай аламыз.

Төтенше жағдайлар министрлігі заманауи үрдістерден қалыс қалмай, тың технологияларды қарқынды түрде енгізіп келеді. Қазір халықты дер кезінде хабардар ету үшін арнайы мобильді қосымша да әзірлеп жатыр. Ал жоғалған адамдарды іздеуде бүгінде құтқарушылар дрондар мен жасанды интеллектпен жабдықталған камераларды қолданады. Мұның бәрі құтқару жұмыстарын жедел әрі нақты жүргізу үшін қолға алынған.