Еңбек адамы: Бекзат Наметов өмірінің 40 жылын су шаруашылығына арнады

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Наметов Бекзат Мұсахметұлы су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Қазіргі уақытта ол «Ақтөбводпроект» ЖШС-інде авторлық қадағалау маманы ретінде жұмыс атқарады.

Ол еңбек жолын 1977 жылы «Казгипроводхоз» жобалау институтының Ақтөбе филиалында инженер-жобалаушы болып бастаған. 40 жылдан астам уақыт ішінде қарапайым инженерден бастап РМК «Қазсушар» филиалының басшысына дейінгі жауапты лауазымдарда қызмет атқарды.

Ол Ақтөбе су қоймасының тасқын су арнасын жаңғыртып, оның өткізу қабілетін арттырды. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығында өнімділіктің артуына оң әсер етті. Сондай-ақ Қарғалы су қоймасының магистральдық арнасын қайта құру арқылы Ақтөбе маңындағы азық-түлік белдеулерін сумен қамтамасыз ету көрсеткіштерін жақсартуға атсалысты. «Ауыз су» бағдарламасына белсене қатысып, өңір халқын таза сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге үлес қосты. Сазды су қоймасының көлемін 6 млн текше метрден 7,5 млн текше метрге дейін арттыру жұмысына жетекшілік етті.

Ол су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу бағытында жас мамандарға тәлімгерлік жасайды.

Жайық-Каспий бассейндік кеңесінің мүшесі ретінде трансшекаралық Елек өзенінің экологиялық жағдайын жақсартуға және оны қорғауға бағытталған бастамаларға белсене қатысты.

«Ақтөбводпроект» ЖШС-де авторлық қадағалау маманы ретінде Ақтөбе облысындағы су нысандарын (су қоймалары, насос станциялары, лимандар) қайта жаңғырту жобаларына белсенді қатысып келеді. Бұл жобалар 241 «Жарғылық капиталды ұлғайту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бекзат Мұсахметұлы кәсіби біліктілігі жоғары, ұқыпты, талапшыл, ұжымда беделді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман. Әріптестеріне көмектесуге әрдайым дайын, адамгершілігі мен парасаты зор тұлға.

70 жасқа толғанына қарамастан, әлі де тың, белсенді, саланың дамуына үлесін қосып келелі. Оның өңірдегі су шаруашылығы мен экологиялық қауіпсіздік салаларына сіңірген еңбегі зор. Өзінің көп жылғы еңбек жолында жоғары кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, саладағы беделді маман әрі көшбасшы ретінде танылды.

Ол мерейтойлық бірнеше медальмен, III, II, I дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірқатар алғыс хаттармен, сонымен қатар биылғы су қызметкерлері күніне сәйкес «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

t.me/QR_Su_resurstari_ministrligi/5632