Шығыс Қазақстанда 17 коммуналдық жағажай талапқа сай емес

Шығыс Қазақстанда 25 коммуналдық жағажайдың 17-сі талапқа сай емес. 

Құтқару пунктері жоқ, арнайы ескерту белгілері де қойылмаған. Ал Риддерде жазда шомылатын дұрыс жер таппайсыз. Ыстықтан қорғанған тұрғындар Журавлиха өзеніне ағылады. Алайда өзен жағасында демалушыларға жағдай жасалмаған.

Елу мың тұрғыны бар Риддерде көпшілікке арналған шомылатын орын жоқ. Аптап ыстықта қалалықтар тау өзені Журавлиханы жағалайды. Бұл жерді бірнеше жыл бұрын жергілікті кәсіпкер жалға алып,  жабдықтауға тырысты. Алайда жағалауды  талапқа сай  ретке келтіре алмады. Ақыры жалға алушы мен  әкімдік арасындағы келісімшарт бұзылды. Енді бұл орын  қараусыз қалды.

Шомылу мауысымы басталарда өзеннің табанын  сүңгуір-құтқарушылар бір сүзіп,  тексеріп шықты. Одан басқа бірде-бір іс-шара жүргізілмеген.

Евгений  Тарасов, Риддер қаласы ТЖБ бастығы:

- Осы маңнан 13 өзен өтеді. Ішіндегі ең жылы су осы ғана. Дегенмен тау өзені болған соң қауіп те жоғары. Сондықтан жергілікті  атқарушы орган өкілдерінің тапсырысымен түбін қарап, тексеріп шықтық.

Риддер қаласы әкімдігінде Журавлиханың жағасын абаттандыру  туралы жоспар  жоқ. Олар: "Дәл осы бұл өзенге шомылу адам өміріне қауіпті", - дейді. Сондықтан  жағажайды мүлдем жауып тастамақшы.

Қаныбек  Төлеухан, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

- Асау өзендер бұл жерде құмммен қайраңдап қалады және жергілікті кәсіпкерлердің де бұл жерді алуға құлшынысы болмай тұр. Себебі құм сеуіп тағы басқа абаттандыру жұмыстары жүргізілгенмен кейін судың тасқынынан шайып әрін алып кетіп жатыр.

150-ден аса демалыс  орны тіркелген Бұқтырмада да жабдықталмаған жағажайлар бар. Кәсібін жүргізіп отырған   кәсіпкерлердің көбі жағажайды талапқа сай жарақтауға құлықсыз.Жергілікті  мамандардың мәлімдеуінше, келесі жылы барлық қауіпсіздік ережесіне сай жұмыс істейтін, ірі коммуналдық жағажай ашылады.

Нұржан Қанапин, Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі:

- Ұзындығы бір шақырымнан үлкен жағажай болады. Сол жағажайда керекті құтқарушылар орналасады. Мед орталықтар орналасатын болады. Барлық туристерге, демалушыларға арналған жағдай жасалады. 

Айта кетейік, көпшілік жиі демалатын жағажайдағы жайсыздықтар үшін елімізде министрлік деңгейіндегі бірнеше лауазымды тұлға мен 4 облыс әкіміне сөгіс жарияланған болатын.