Бұрыл ауылында 15 жылдан бері жол мәселесі шешілмеген

Тараз маңында 15 жыл бұрын құрылған Арай тұрғын үй алабында әлі күнге бірде-бір көше асфальталмаған.

Жұрт жаңбырлы күні батпақ кешіп, жаздыгүні шаңмен жүруге мәжбүр. Тұрғындар қоғамдық көліктің де жоқтығын айтып шағымданып жатыр. Жылдар бойы қордаланған мәселе қашан шешімін табады? 

Жолы жоқ жұрт

Бұрыл ауылына қарасты Арай тұрғын үй алабы Тараздан 2 шақырым жерде орналасқан. Жұрт мұнда 15 жыл бұрын қоныстана бастады. Қазір 11 көшеде 700-ге жуық халық тұрады. Бірақ жолының ешқайсысы асфальтталмаған. Жол мәселесі жылдар бойы шешілмеген соң жұрт ақша жиып өздері жөндеуге тырысыпты.

Жазира Сәрсенова, Бұрыл ауылының тұрғыны:

- Мына жерге ақша жинап, тасты өзіміз төсеп, жолды өзіміз тегістедік. Осы көшені және тағы бір көшені де өзіміз тегістедік. Балаларға қиын, батпақ болады, аяқтары ластанады. Менің жасым келсе де мынандай тас-тас жолда жүргім келмейді. Аяғыма батады, мен де асфальта жүргім келеді.

Арай тұрғын үй алабындағы жұрттың басым көпшілігі Тараз қаласында жұмыс істейді. Студенттер де сонда қатынап оқиды. Дегенмен жұрт қалаға жету үшін жарты сағат жол жүріп, көршілес орналасқан Қайнар тұрғын үй алабындағы аялдамаға барып автобусқа мінуге мәжбүр.

Ізімкүл Қожабергенова, Бұрыл ауылының тұрғыны:

- Аялдамаға дейін бізге бір сағат, жастарға жарты сағаттай уақыт кетеді. Қызыл көпірден түсіп қаламыз. Онда көлеңке де, аялдама да жоқ. Балаларымыз қалада колледжде, институтта оқиды. Балаларымыз жұмысқа шығады. Бәрі сол автобусқа мініп рахаттанып отырғанбыз. Тоқтағаны ең қиыны болып тұр. Енді сабақ басталады, бізге уайым болып тұр шынын айтқанда.

Жергілікті билік жолдың мәселесін шешу үшін былтыр жобалық сметалық құжаттама жасап қаржы сұраған. Бірақ елдің 10 аймағындағы су тасқынына байланысты қаражат бөлу кейінге шегеріліпті. Дегенмен жолдарды жөндеу биылғы жоспарға да ілікпеген. 

Саламат Ысқақов, Бұрыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

- Биылдыққа жолдарды кіргізу себебіміз ол кісілер бұрынғы тұрғындар 25-30-35 жыл асфальт көрмеген. Көшелері мынадан да жаман ойдым-ойдым. Енді рет-ретімен Бұрылды реттейік деп шештік. Келесі 2026-жылы осы Арай алқабын асфальт төсейміз деп жоспарлап отырмыз. 

Жергілікті билік қоғамдық көлік мәселесін келер жылы шешпек. Ол үшін тасымалдаушы компаниялармен келісімге келген. Енді тек аудан билігі тарапынан субсидия бөлу ғана қалып отыр.