Ұлытау облысында 7 мектеп күрделі жөнделеді

Ұлытау облысында жаңа оқу жылына дейін жеті мектеп жаңа кейіпке енеді.

Білім ордаларының материалдық-техникалық базасы да нығайтылады. Жалпы өңірде алдағы үш жылда 18 мектепті жаңғырту жоспарда тұр. 

Жезқазғандағы №4 мектептің іргетасы 1965 жылы қаланды. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ал биыл жылу, электр және ғаламтор желілері түгел жаңартылды. Күрделі жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

Жаңагүл Болатбекова, мектеп директоры:

- Екінші және үшінші қабаты толық дайын. Қазір жертөле мен бірінші қабатта жұмыстар қарқын алды. Қасбетін қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Шамамен 65 пайызы орындалды.

Облыс бойынша 87 мектеп бар. Соның 18-і алдағы үш жылда жаңартылады. Қазір 7 білім беру ұйымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оған облыстық қазынадан 2 млрд-тан астам теңге бөлінді.

Салтанат Айжанова, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Реновация бойынша 7 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол бізде Жезқазған қаласындағы  № 4, 26, 13, және 8 мектептерінде және Қаражал қаласының жалпы білім беретін №10, 30 және Жаңаарқа ауданындағы Ынталы жалпы білім беретін мектептерінде.

Реновация бағдарламасы аясында материалдық-техникалық база да нығайтылады. Осы ретте 28 мектепке арнайы пәндік кабинеттер сатып алынады. Жалпы өңірде үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ. Орын тапшылығын жою мақсатында биыл үш білім ұясы ашылады. Оның екеуі қайтарылған активтер есебінен Манадыр ауылы мен Қаражал қаласында салынып жатыр. Одан қалды жаңа оқу жылында алғашқы «Келешек мектебі» мектебі қолданысқа беріледі.