Жарты жылда 250 мың адам жұмыспен қамтылды
Ел бюджетінің басым бөлігі халықтың әлжуаз топтарын қолдау мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалады. Үкімет басшысының орынбасары бұл бағытта мемлекет кешенді шараларды қолға алып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап жатқанын жеткізді.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, жыл басынан бері көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы 6,5%-ға артты. Оған республикалық бюджеттен 870 млрд тенге қарастырылған. Былтырғымен салыстырғанда бұл шамамен 17%-ға көп. Вице-премьер бүгінде атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға төленіп жатқанын айтты. Ол үшін бюджеттен 16,2 млрд тенге қарастырылған. Сонымен бірге, жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5%-ға ұлғайған. Бүгінде зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңгені құрайды.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары:
- Жарты жылдың қорытындысы бойынша 250 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта цифрлық платформа енгізілуде. Негізгі мақсат – нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы.