Тараз тұрғындары көпірдің құрылысына наразы

Тараз тұрғындары қаланың екі аумағын жалғайтын көпірдің құрылысына наразы.

Жұрт ауыр техниканың дүмпуінен үй қабырғасы жарылып құлаудың алдында деп дабыл қақты. Оған қоса алып құрылыс үйлердің дәл іргесінен өтеді. Бұл кіріп шығуға кедергі келтіреді.

Орталықты темір жолдың ар жағындағы тұрғын үй алабымен  байланыстыратын көпірдің құрылысы наурызда басталған. Бірақ бастапқыда қуанған жұрттың қазір мазасы қашқан. Ауыр техникалардың гүрсілінен 26 үйдің қабырғасында жарықшалар пайда болыпты.

Күләнда Дүйсенбиева, қала тұрғыны:

- Көпір мен үйлердің арасы заң жүзінде 150-200 метр болу керек. Басында бізге әкім айтты ғой 9 метр болады деп. 9 емес 3,5 метр болып жатыр. Сонда қайда қарап отыр. Әлі негізгі жұмыс басталған жоқ. Трамбовать етсе үлкен техникамен ол кезде үйіміз шашылып қалады.

Үй-жайы зақымданған тұрғындар биліктен өтемақы талап етіп отыр. Дегенмен көпшіліктің тілегі орындалуы екіталай. Себебі мемлекет көпір салу үшін жолдың бір қапталындағы тұрғын үйлерді сатып алған.

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл құрылыс жұмыстары кезінде трещина болды, бұзылды деген жағдайлардың барлығы шынға келмейді. Себебі біз құрылыс жұмыстарын бастамай тұрып бірінші осы үйлерді зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Ескі ғимараттар кезінде саман кірпішпен салынған ешқандай талаптарға келмейді. Бұл бойынша 26 үйдің барлығында құжаттарымыз бар.

Осылайша көпір жанындағы үйлерге уақытша қолайсыздыққа шыдаудан басқа амал жоқ. Жалпы ауқымды аспалы көпір салу үшін әкімдік 58 ғимаратты сатып алып, 35-ін сүріп тастады. Құрылысы екі жылға жоспарланған жобаға республикалық қазынадан 16 миллиард теңге бөлінген. 

Авторы: Мерей Бает, Елдар Байділдә.