Қарағандыдағы қалалық ауруханада маман тапшы
Қарағанды облысында 87 медицина маманының орны бос тұр.
Мысалы, Приозерск қаласының тұрғындары ультрадыбыстық зерттеу жасатып, дәрігерге қаралу үшін 150 шақырым жердегі Балқашқа барады. Қала «Алматы-Екатеринбург» тасжолының бойында орналасқан. Көлік апаты немесе басқа да оқыс оқиға бола қалса, алғашқы көмек осы қалада көрсетіледі. Алайда медицина мекемелерінде кадр тапшылығы өзекті.
Вахид Эргешов анестезиолог-реаниматолог. Былтыр жұбайы екеуі жолдамамен Қарағандыдан 500 шақырым жердегі Приозерск қалалық ауруханасына жұмысқа келген. Шалғайға келгенде алаңдағанымыз рас,-дейді жас маман. Әлеуметтік жағынан қолдау тапқаннан кейін күмәні сейілген. Оларға 17 миллион теңге бірреттік көтермеақы мен қызметтік баспана берілді. Мемлекеттік бағдарлама шарапатын көрген дәрігерлер отбасы енді қалада біржола қалып, халыққа қызмет көрсету туралы шешім қабылдапты.
Вахид Эргешов , анестезиолог-реаниматолог:
- Әйелім екеуміз жұмыс істеуге келдік. Әйелімнің мамандығы жалпы тәжірибе дәрігері. Мен осы қалалық ауруханада, ал әйелім Сарышаған кентінде жұмыс істейді. Осында қаламыз. Осы аурухананы кішкене көтеріп, науқастарға ем беріп, осы араға жәрдем береміз. Сондай мақсатта келдік.
2024 жылы қалалық ауруханаға 4 жалпы тәжірибе дәрігері жұмысқа келді. Оларға 8 500 000 теңгеден әлеуметтік көтермеақы, қызметтік баспана берілді. Ал биыл бір маман жұмысқа орналасты. Ауруханада ультрадыбыстық емдеу, рентгенолог, невропотолог, онколог сынды біраз маман жетіспейді. Күзге тағы 4 маман жұмысқа қабылданады.
Мирзияд Мироманов, қалалық аурухананың директоры:
- Қазіргі таңда бізде ең тапшы болып тұрған бұл терапевт дәрігері. Оны табу өте қиын болып тұр. Қазір бізде жүректі ультрадыбыстық зерттеу бойынша дәрігерде сертификат жоқтығына байланысты халыққа жолдама беріп, Балқаш қаласына жіберіп зерттеп аламыз. «Еңбек.кз» порталынан бізде жұмыстар жүргізіледі. Күнделікті хабарласып мамандарды жұмысқа шақырып отырамыз.
Шалғайдағы қалаға келіп жұмыс істеймін деп шешім қабылдаған әр маманға әлеуметтік қолдау көрсетіледі,-дейді медициналық мекеме басшылығы. Қазір Приозерск қалалық ауруханасында 113 адам еңбек етеді. Оның 34-і дәрігерлер. Халыққа толыққанды қызмет көрсетуі үшін әлі бірнеше маман керек. Жалпы Қарағанды облысы бойынша аудан, қалалардағы медициналық мекемелерде 87 маман жетіспейді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит Қарағанды облысы «24кз»