Семейлік кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі түсіндірілді

Қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексін түсіндіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24kz.

Оның ережелері салық есептілігін айтарлықтай жеңілдетіп, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық салу тәсілін өзгертпек. Бизнес қауымдастық өкілдерімен алғашқы түсіндіру жұмыстары Семейде өтті.

Жаңа Салық кодексін әзірлеуге екі жылдан астам уақыт кетті. Оның басты ерекшелігі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдету. Жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап инвестицияларды ынталандыру, салық жүктемесін қайта бөлу секілді бағыттарды қамтиды.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы бізде қосылған құн салығы бойынша жеңілдік 70%-ті құраған болатын. Қазіргі таңда оның көлемі 80%-ке дейін ұлғайтылды. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге құн салығы азайды.

Құжатқа сәйкес, ұйымдарға жоспарлы тексерулер енді жүргізілмейді. Тек жоспардан тыс тексерулер қалады. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін салықтық есептілікті қайтарып алуға тыйым салынады.

Еркін Бейсекин, консалтингтік агенттік басшысы:

- Егер сіз адал жұмыс істеп, адал табыс тапсаңыз, онда Салық кодексі сізге мүлдем қиындық туғызбайды. Қайта керісінше, белгілі бір дәрежеде бизнесіңізге пайдасы тиеді. Көптеген салықтық есептер алынып, төлейтін салығыңыздың көлемі қысқарды.

Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Оған дейін кәсіпкерлерге салық заңнамасының нормалары мен ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ботакөз Дандыбаева, Медет Омірханов