ҚМА: Sincere Systems Group қаржы пирамидасы бойынша тергеу аяқталды

Қарағанды облысында Sincere Systems Group қаржы пирамидасының бөлімшесін құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Күдіктілер ұйымды шетелдік компания ретінде таныстырып, тұрғындарға инвестициялық жобалар ұсынған. Өз әрекеттерін заңды әрі ашық етіп көрсету үшін жеке кабинеттері бар арнайы сайт әзірлеген. Келтірілген залал көлемі 52 млн теңгеден асады.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Сот күдіктілердің Астана және Теміртау қалаларында орналасқан жалпы құны 76 миллион теңге болатын жылжымайтын мүлкіне тыйым салды. Күдіктілерге қатысты үй қамаққа алу және елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін жолданды.