Премьер-министр құрылыс саласының қызметкерлерін марапаттады
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілді.
Ал бүгін салада еңбегі еленген қызметкерлерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр тиісті марапаттарды табыс етті. Үкімет басшысы марапаттау рәсімінде құрылыс саласының ел экономикасындағы маңызын атап өтті. Аталмыш сектордың қазір ЖІӨ-дегі үлесі 6%-ға жетіп, биыл алғашқы жартыжылдықта 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынған. Жалпы құрылыс көлемі жыл басынан бері 18%-ға артқан. Олжас Бектенов еңбек адамының беделін арттыру – Президент тапсырмаларындағы басым бағыттың бірі екенін атап өтті. Үкімет құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа технологияларды енгізуге және кадрлық әлеуетті нығайтуға басымдық беретінін де жеткізді.