TOR бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды
Жолдарда манёвр жасап, жол ережесін өрескел бұзып жүретіндер енді бірден анықталады.
Себебі жуырда «Тор» бірыңғай платформасы іске қосылды. Сандық жүйе арқылы тіпті жүргізушінің неше сағат рөлде жүргенін және оның күйін анықтауға болады. Қазір платформа барлық қалада жұмыс істеп тұр. Оның «сергек» пен өзге де бейнебақылау камераларынан айырмашылығы қандай?
Жедел басқару орталығындағы мына экраннан Астанадағы барлық көлік қозғалысын бақылауға болады. Ал қызметкерлердің жеделдігін арттыру үшін жұмыс орындарында арнайы мониторлар орналастырылған.
Елордадағыдай орталық қазір еліміздің барлық қаласында жұмыс істеп тұр. Мамандар «ТОР» бірыңғай платформасы арқылы жол қауіпсіздігін басқарады. Сондай-ақ заңбұзушылықтарды жедел тіркейді. Бұл сандық жүйе тіпті ықтимал қауіп-қатерлерді болжап, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді екен.
Талғат Кішкенов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Бұрын өзге бейнебақылау камералары көлікті тек мемлекеттік номері арқылы анықтаған. Енді жаңа жүйенің көмегімен әрбір автокөліктің маркасы мен түсі де анықталады. Яғни бұл тек арызданып келген азаматтарға емес, полиция қызметкерлеріне де тиімді. Мәселен жолда түрлі манёвр жасап, өзге жүргізушілерге кедергі келтірген азаматты біз «ТОР» платформасы арқылы бірден тауып ала аламыз. Сәйкесінше оған тікелей барып, тиісті хаттама толтыруға болады.
«ТОР» платформасы қажетті ақпаратты төрт негізгі дереккөзден жинайды. Оның ішінде қалалар мен тас жолдағы станционарлық кешен, патрульдік полицияның мобильді бекеттері және арнайы ұшырылған дрондар бар. Яғни аталмыш жүйе қаладағы барлық камера мен тану жүйелерінің бірыңғай платформасы болып отыр. Сондай-ақ оның тағы бір тиімді тұсы – жол-көлік оқиғасы болған нақты күні мен уақыты және көшесінің атауын айқындап береді.
Талғат Кішкенов , ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- «ТОР» бірыңғай цифрлық платформасы мамыр айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істеді. Кейін оның тиімділігі анықталып, тамыз айынан бастап ол барлық қалаға енгізілді. Осы жүйе арқылы 1 тамыздан бері 80-нен астам бұзушылықтар анықталды. Жүргізушілерге тиісті жауапкершілік тағайындалды.
«Автокөлік жүргізушісі өзінің ғана емес, өзгенің өміріне де жауапты екенін ұғынған абзал. Ал бұл жүйе әрбір азаматқа соның маңызын түсіндіруге сеп болмақ. Мамандар алдағы уақытта бірыңғай платформаны жетілдіріп отырамыз», - дейді.
Альмира Оразбай, Марат Диханбаев