Жапония Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге 4 млрд теңге бөледі
Жапон елі Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендерге 4 млрд теңге бөледі.
Бұл қомақты қаражатқа Семей медицина университетінің госпиталіне диагностикалық және емдеу аппараттары алынады. Заманауи жабдықтармен дертті ерте анықтауға болады - дейді мамандар. Зардап шеккен тұрғындарға медициналық қызмет те тегін көрсетіледі. Жалпы 1949–1991 жылдар аралығында Абыралы өңірінде 497 ядролық жарылыс болған.
Абай өңірінде полигоннан нақты қанша адам зардап шеккені белгісіз. Алайда өңір халқы радиацияның әсерін әлі күнге сезіп келеді. Біраз адам ем-шараны Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында қабылдап жүр. Солардың бірі Аягөзден келген Мұрат Кенжеғалиев. Енді олар үшін тегін медициналық көмек көрсетілетінін естіп, қуанып қалды.
Мұрат Кенжеғалиев, Аягөз ауылының тұрғыны:
- Бізге осылай ақша беріліп, жағдай жасап жатса, ол біраз көмек болар еді. Бірінші байлық денсаулық қой, деніміз сау бауырымыз бүтін болып аман-есен жүре берейік. Система аламыз, укол аламыз. Физо массаж аламыз. Бәрі жақсы, бәрін қарайды әйтеуір. Бас кезінде келгенде кішкене ауырлап келемін. Бір жұмадан кейін сезіледі қалай әсер еткені.
Радиоактивті сәулелер онкологиялық, жүрек дерті мен тұқым қуалайтын аурулардың көбеюіне әкелді. Ал жаңадан ашылатын медициналық орталықта жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары, соның ішінде инсульттің алдын-алып, ем жүргізеді, - дейді орталық өкілдері.
Алтай Дюсупов, Семей Медицина университетінің ректоры:
- Бұл грант аясында магниттік-резонанстық томограф, компьютерлік томограф және басқа да 11 түрлі медициналық құрылғы орнатылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктері деңгейінде келіссөздер жүргізілуде. Аталған медициналық техника Университеттік госпиталь базасында инсульт орталығын ашу мақсатында пайдаланылады.
Бұл бастаманы өңірде «Комитет Полигон-21» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қолдап отыр. Айтуларынша Жапон мемлекеті тарапынан жасалатын бұл қолдау, зардап шеккен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Марат Құрманбай, «Комитет полигон-21» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Әрі қарай біз бірігіп қызмет жасаймыз деп ойлаймын. Алға қойған мақсат енді сол заңға өзгерістер енгізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын, медицина жағдайын, экологиямызды дұрыстауға соған қызмет жасау. Болашақта осымен жұмыс істейміз.
Барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, арнайы орталық ашылғаннан кейін, жабдықтар алынады. Медицина университетінің өкілдері бұл жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. «Комитет полигон-21» қоғамдық бірлестігі мен жергілікті билік өкілдері кешенді жұмыс жоспарын әзірлейді. Осы арқылы жарылыстың зардабын шеккендердің нақты санын анықтамақ.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, 24KZ