Мемлекет басшысы: Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды

Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды. Бас қаладағы мұғалімдердің басқосуында Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалар өмірлік дағдылардың денін мектептерде меңгеретінін баса айтып, білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын жетілдіруді тапсырды. Бұл іске басшылық құрам ғана емес, барлық дерлік ұстаздар атсалысу керек екенін ескертті. Бұдан бөлек, әлеуметтік желінің әлегінде жүрген жасөспірімдерге қолдау көрсетуге пәрмен берді. Президент: «Балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақтың көп уақытын Интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады. Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мен бұл туралы жақында Қауіпсіз кеңесінің отырысында айттым. Бірақ, ең бастысы, әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да, түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет.