Білім мекемелерінде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады
Жаңа оқу жылынан бастап білім ұйымдарында «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жүйе буллингтің бетін қайтарып, әлімжеттікті болдырмауға септеспек. Мәселенің маңыздылығына бас қалада өтіп жатқан ұстаздар кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталды. Ел Президенті: «Жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады», - деді. Бұдан бөлек, мектептерде «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды қызмет етіп тұр. Бұл да балалардың көңіл-күйін бақылап, өз-өзіне қол жұмсау жағдайларын болдырмауға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Не ексең, соны орасың» деген. Қазір біз бір қоғам болып жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңірсек, ертең ондаған жылдан кейін ұлтымыздың сапасы да сондай болмақ. Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі мектепте қаланады.