Оңтүстік Корея азаматы Петропавлдағы университетке түсті
42 жастағы Оңтүстік Корея азаматы Петропавл қаласындағы университетке оқуға түсті.
Қазақстанда фермерлік бизнес ашуды көздеген ол күндізгі бөлімді таңдаған. Болашақ магистрант жергілікті жоғары оқу орнында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы бойынша білім алады. Шетелдіктің өз отанында 150 ірі қара сауылатын жеке шаруашылығы бар. Алайда ол бұнымен шектелмей, әрі қарай дамуды ұйғарған. Оның ендігі арманы — Қазақстанда сүт пен ет өндіретін ірі ферма құру.
О Чон Гиль, Оңтүстік Корея азаматы:
– Мен ферма жүргізуді үйреніп, Қазақстандағы ауыл шаруашылығының қалай дамитынын тереңірек түсінгім келеді. Қазір менде бұл салада тәжірибе жоқ – мен тек корей бизнесімен таныспын. Сондықтан қажетті білімді университеттен алуды жоспарлап отырмын. Сіздердің табиғаттарыңыз үлкен мүмкіндіктер ашады және мен Қазақстанның әлеуеті өте жоғары екеніне сенімдімін. Сол себепті де қазақстандықтармен бірге бизнес жүргізгім келеді.