«Болашақ» бағдарламасы инженер мамандықтарына басымдық береді

Атом энергетикасының мамандарын шетелде даярлау мақсатында келесі жылдан бастап арнайы квота бөлінеді.

Олар «Болашақ» халықаралық білім бағдарламасы шеңберінде оқытылмақ. Бүгінде бағдарламаның мыңдаған стипендиаты әлемнің озық университеттері мен ғылыми орталықтарында білімін жетілдіріп жатыр. Еңбек нарығына ауадай қажет инженер-физика мамандарының 70 пайызы «Болашақ» бағдарламасына жүгінуді жөн көріпті.

Нұрғазы Әнуарбеков  - «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Былтыр Нью-Йорктегі Колумбия университетінің мемлекеттік басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистратурада оқып-тоқығанын мемлекеттік қызметші әділет министрлігіндегі жұмысында ұтымды қолданып жүр. 

Нұрғазы Әнуарбеков, ҚР Әділет министрлігі Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаментінің басқарма басшысы:

- Құқықтық үстемдігін орнаған мемлекеттерде заңнама жүйесі мен мемлекеттік басқару модельдерін біздің мемлекетке енгізу өте маңызды. Оның үстіне 2030 жылға дейін адамдарға бағытталған мемлекеттік басқару тұжырымдамасы қабылданды. Сол тұжырымдама негізінде сол демократия институттарын дамыту, адам құқықтарын қорғау біздің мемлекеттік ұстаным болып отры қазіргі таңда. Сондықтан Америка сияқты державаның мемлекеттік басқарудағы, адам құқықтарын қорғаудағы тәжірибесін бізге имплементация жасау бізге өте маңызды.

Сондай-ақ елдегі атом энергетикасын дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Салаға білікті кадр қажет. Осы ретте Болашақ бағдарламасының аясында атом энергетикасына арнайы квота бөлінетін болады. Яғни келесі жылдан бастап 20 мақсатты грант қарастырылып отыр. 2026 жылы бакалаврларды шетелде даярлау  жобасы қайта іске қосылмақ. Оған халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауда жеңген дарынды жастар ғана түседі. Сонымен бірге, тағылымдамадан өту тәртібі де өзгерді. Степендиат қай елге барып тәжірибе жинаса, тағылымдаманы сол елдің тілінде өтуге міндеттеледі. Бұл - мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаралар.

Әділ Құсманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы

- Түлектердің 98 пайызы Қазақстанға оралып, міндеттемесін орындауға кіріседі. Демек олар экономиканың барлық саласында еңбек етіп жүр. Жалпы білімге құйылған инвестиция ұзақ мерзімдегі ең ұтымды,  қайтарымы мол болып саналады. Оның жемісін бүгінде көріп те отырмыз. Алдағы уақытта атом өнеркәсібінің білікті мамандарын даярлауды көздеп отырмыз. Өйткені елімізде үш бірдей атом станциясы салынады. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы аясында қажет кадрды уақыты даярлау міндеті тұр. 

30 жылда Болашақ бағдарламасының көмегімен 13 мың қазақстандық шетелде оқып, біліктілігін арттырды. Бүгінде әрқайсысы өз саласының кәсіби  маманы атанған. Қоғамның дамуына пайдасын тигізіп қана қоймай, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Бақыт Топтаева, Артур Горшняков, Жандос Битабаров, 24 KZ