БҚО-ның Сырым ауданында 147 үй құлағалы тұр

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 147 үй құлағалы тұр, деп хабарлайды 24kz.

Апатты деп танылған бұл басапаналар тұруға жарамсыз. Дегенмен, қазір ауданда құрылыс жанданды. Облыста осы тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша жұмыстар қолға алынды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жанат Сүйеуованың отбасы 70 жыл бұрын іргесі қаланған ескі үйде тұрып жатыр. Былтыр көктемде қатты дауыл үйдің шатырын ұшырып әкетті. Ал, су тасқыны кезінде қабырғалары жарылып кеткен. Үй апатты деп танылды.

Жанат Сүйеуова, Жымпиты ауылының тұрғыны:

- 1956 жылы салынған. Самантастан салынған, фундаменті жоқ. Былтыр қатты дауыл болғанда төбеміз ұшып кетті. Шиферлер, қоршау түгел ұшып кетті. Әкім келді. Оралдан келді, Төтенше жағадай басқармасынан қарады. Су тасқыны кезінде үйімізге су кірді. Ауданда қазір үй салынып жатыр. Үш қабатты үйлер салынып басталып жатыр. Сол үйден берер деген үміттемін енді.

Жымпитыдағы ауқымды құрылыс мамыр айында басталды. Мұнда қазір 108 пәтерлі үйлер салынып жатыр. Жергілікті билік екі көпқабатты үйді жыл аяғына дейін тапсыруды көздеп отыр.

Артур Ысқақов, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі:

- Енді мына үш қабатты тұрғын үй құрылыстары бойынша жаңағы 36 пәтерлі, оның ішінде жаңағы 3 бөлмелі 12 пәтер, сосын 24-і екі бөлмелі пәтерлер. Жыл соңына дейін 76 жанұяны тұрғын үймен қамтитын боламыз. Бұларда жалпы 2420 шаршы метр – бір тұрғын үйдің ауданы. Жалпы аудан бойынша бізде кезекте 524 адам бар, оның ішінде жаңағы жалғыз үй апаты деп танылған 147 отбасы.

Тұрғын үй қорын жаңғырту ісі өңірдің барлық ауданында жүргізіледі. Әсіресе, мемлекеттің қолдауына мұқтаж елді мекен тұрғындарына  ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр 14 миллиард теңгеге 110 ауылда 805 баспана сатып алынған.

Парасат Жұмағалиев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы тұрғын үй құрылысына және пәтерлерді сатып алуға 19,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 13 миллиарды, республикалық бюджеттен 2,8 миллиард, қалған 3,4 миллиард жергілікті бюджеттен қарастырылды. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған азаматтар үшін 7 көпқабатты тұрғын үй ол 1040 пәтер, және аудандық жерлерде 14 тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар үшін облыс орталығы мен  аудандарда 555 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жалпы саны 20 мыңнан асады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Айыпов