Жетісу облысында ирригациялық жүйелер жаңартылып жатыр
Аймақта келер жылдың соңына дейін 145 шақырым суару жүйесі ауыстырылуға тиіс, деп хабарлайды 24kz.
Жарлыөзек ауылының маңында ирригациялық жүйелер ауыстырылып жатыр. Бетондалған арықтан Мақсұт Нұрғалиев сияқты жүзден аса шаруа егістік алқабын суарады.
Мақсұт Нұрғалиев, Жарлыөзек ауылының тұрғыны:
- Бұйырса, мына лотогымыз бітсе, енді қиналмай су алатын түріміз бар. Өйткені мына ескі лотоктан шығын көп қой. Шұрық тесіктен су ағатын. Мынау енді рахат дүние ғой. Шындығы керек. Су молынан келеді
Бұл жоба шаруаларға ауа райына қолайсыздығына қарамастан тұрақты түрде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, су үнемдеуге сеп болмақ.
Нұрлан Бейсембетов, инженер-гидротехник:
- Мына 45 гектар егістікке жер арықпен су береміз. Бұған 120 литр су жетеді. Ал біз 120 емес, 240-250 литр су береміз. Шығынымыз көп. Өйткені жер сорып кетеді. Ана жерден жырып кетеді, мына жерден жырып кетеді. Енді мына лоток жүйесі салынған соң берілген нормасын ғана береміз. Суымыз ешқайда ақпай, жоғалмай, тізіліп жетіп келеді.
Аудандағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстары былтыр басталған. Бірақ істелген іске қарағанда әлі де атқарылар шаруа көп.
Бақытжан Ибрагимов, «Қазсушар» РМК Көксу өндірістік учаскесінің басшысы:
- 9 канал кірген. Ұзындығы 108,7 шақырымды құрайды. Бұның мердігері «Казстрой» ЖШС. 2026 жылдың наурыз айында аяқтау керек. Қазіргі уақытта 36%-і жұмыс бітіп тұр.
Егістік алқапқа қан жүгіртіп, тіршілік тынысын ашатын жүйені реконструкциялау Ақсу ауданында да жүргізіліп жатыр.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Жетісу облысында мынандай суару жүйелерінің 145 шақырымын ауыстыру жоспарланып отыр. Жұмыс келесі жылы аяқталады. Сол кезде аймақтағы 6 мың гектардан астам егістік алқапқа, тіршілік нәрі тоқтаусыз әрі уақытылы беріледі.
Жетісу облысында «Қазсушар» мекемесіне қарасты 4 мың шақырымнан астам суару жүйелері бар. Кейінгі 5 жылда соның мың шақырымы жаңартылған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев