Абай облысының шаруалары тамшылатып суару технологиясын енгізіп жатыр
Абай облысының шаруалары 60 мың тонна дәнді-дақыл жинап үлгерді, деп хабарлайды 24kz.
Диқандар биыл 782 мың гектар алқапқа егін салды. Өңірде тамшылатып суару технологиясын қолданатын шаруашылық көбейген. Үржар ауданының Амангелді ауылында тұратын шаруа 20 гектар алқабын тамшылатып суарады. Жерінде көкөніс пен бақша өнімдері, қауын-қарбыз жайқалып өсіп тұр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Бекен Жүнісханұлы биыл жауын-шашын аз болғанын айтады. Диқандар заманауи технологияның күшімен ылғал тапшылығын болдырмай, мол өнім алудан үмітті. Жиын-терім науқаны жақындаған сайын алқаптағы жұмыс қыза түскен. Шаруашылық иесі жиналған өнімді халыққа қолжетімді бағамен ұсынбақшы.
Бекен Жүнісханұлы, шаруа:
- Биыл жалпы күн өте ыстық болды. Мынау тамшылатып суарудың арқасында білмеймін, өнім аламыз деп отырмыз. Жалпы жаман емес. Бұйырса картоп та келіп қалды. Енді 10 күннен кейін жинауды бастайық деп отырмыз.
Қожалықта жыл сайын отызға жуық ауыл тұрғыны маусымдық жұмысқа тартылып, нәпақа табады. Солардың бірі – Медет Ержанов, тамшылатып суару жүйесіне жауапты маман. Оның айтуынша, бұл әдіс егістіктің жайқалып өсуіне және шығынды азайтуға сеп болған.
Медет Ержанов, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Су әр түпке барғанын қадағалаймыз. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, күні бойы әр кранын ашып-жауып суғарамыз. Тамшылатып суару суға үнем, шөптегенде шөп те көп өспейді арасына. Сай, жота демейді, барлық жеріне су барады. Ең бастысы, суға көп үнем.
Абай облысында бүгінге дейін 41 мың гектар алқап орылып, 60 мың тоннадан астам астық жиналды. Бидай алқаптарынан 37 мың тоннадан астам өнім алынса, 36 мың тонна көкөніс пен картоп жиналған. Егін жинау науқанына қажетті жанар-жағармай да жеткілікті. Биыл шаруаларға 21 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Жанармай ай сайын кестеге сай жеткізіліп жаты
Мадияр Сәкенов, облыстық өсімдік шаруашылығы, техникалық инспекция және механикаландыру бөлімінің басшысы:
- Жиналған егінді сақтау мақсатында облыста сақтау көлемі 206 мың тонна астық қабылдау кәсіпорындары 4 лицензияланған элеватор, сондай-ақ жалпы сақтау көлемі 870,9 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймалары бар.
Үржар ауданында су ресурстарын үнемді пайдалану бағытына баса мән берілуде. Бүгінде 6 шаруа қожалығы заманауи су үнемдеу технологиясын 1250 гектардан астам жерге енгізді. Алдағы үш жыл ішінде тағы 16 шаруашылық тиімді тәсілді қолданбақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы