Павлодар облысындағы автожолдардан 1700-ден астам ақау табылды
Павлодар облысының автожолдарын тексерген жол-техникалық инспекциясы жыл басынан бері 1700 астам ақау тапты.
Инспекторлар облыстық және республикалық маңызы бар барлық жол учаскесі мен қала көшелерін толық зерттеп шықты. Тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен «Қазавтожол» акционерлік қоғамына және мердігер ұйымдарға 900-ден астам нұсқама жолданды. Жолдың күтіміне жауапты 155 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ескертулерді елемеген 7 ұйым мен жауапты тұлғаларға айыппұл салынды.
Арман Қарыбаев, облыстық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Ақаулар республикалық маңыздағы автожолдарда анықталды. Осыған байланысты ұлттық оператор – «Қазавтожол» акционерлік қоғамына барлық кемшіліктер көрсетілген нұсқама жолданды. Алайда кейінгі тексеру барысында бұл ақаулардың жойылмағаны белгілі болды. Осыған байланысты «Қазавтожол» ұлттық операторына шамамен екі миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.