AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады
Биыл күзде Астанада AlemAI Халықаралық жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланған.
Сала министрі Президент пен Иордания Короліне соның тұжырымдамасын көрсетті. Екі ел басшылары Astana Hub кластерін аралап көрді. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық база. 1700-ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтырғы инвестиция 700 млн доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 млн доллардан асқан. Сондай-ақ жыл сайын 10 мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру жобалары іске асырылып жатыр. Тағы Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламасы қолға алынған. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесіне әлемдік нарықтағы отандық компаниялардың әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында мемлекеттік секторға АІ-шешімдер әзірлейтін зертхана бар. Qalan атты Қазақстанда және шетелде 1 миллионнан аса оқушы пайдаланатын математика пәнінен білім беру платформасы да осында. inDrive жолаушы және жүк тасымалы, жеткізу қызметін ұсынатын жаһандық алаң да кіргізілген. KazDream ұлттық қауіпсіздік, шекаралық бақылау және киберқорғау салаларында жұмыс істейтін жобалармен қамтылған.