Таразда «Жұмысшы жастар аманаты» облыстық форумы өтті

Таразда «Жұмысшы жастар аманаты» атауымен облыстық форум өтті.

Шараға өңірдегі ірі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін 300-ден аса жас қатысты. Басқосуда салада үздік деп танылған қызметкерлер тәжірибесімен бөлісіп, жұмысшы жастар арасындағы мәселелер талқыланды.

Аманат партиясы ұйымдастырған форумға аймақтағы белсенді әрі өз саласында үздік танылған жұмысшы жастар қатысты. Оларға мемлекеттік бағдарламалар мен жас мамандарға арналған қолдау тетіктері таныстырылады. Жалпы республика көлемінде жыл сайын 200-ге тарта өндірістік жобалар жүзеге асады. Солардың бәрінде өзіміздің мамандар жұмыс істеуі керек, дейді «Еңбек ері» Мұқаш Ескендіров.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жамбыл облысында биылдың өзінде 20 жоба іске асып жатыр. Жуық 3-4 жылда тағы 62 дейді. Бұның барлығы мыңдаған 10 мыңдаған жұмыс орындары. Осы мамандықтарды игеріп, осыған көптеп барып, оның арасында жаңағы дараланып шығып, осы кәсіпорындарды өзіміздің балаларымыз өзіміздің қыздарымыз басқару керек, жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Форумда жұмысшы мамандардың өзекті әлеуметтік мәселелері мен шешу жолдары қаралды. Жалпы "Жастар Рухы" жастар қанаты сала мамандарын қолдау үшін жыл сайын «Рухтастар" сыйлығымен мараптайды. Оған қоса биыл 5 мыңнан аса мектеп бітірушіге кәсіптік бағдар беру үшін, ірі зауыттарға экскурсия ұйымдастырған.

Ақерке Ескендірова, "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы: 

- Баспана мәселесі және де басқа да әлеуметтік жағдайларын жасау. Жұмысшы жастарды дәл сондай ұсыныс пікірлерін білдіріп жатыр. Енді біздің басты мақсатымыз осындай үлгілі жұмысшы жастарды көрсетіп, көптеген жастарды осы салаға тарту. 

Бексұлтан Болғанбек, "Talas Investment Company" ЖШС цех бастығының орынбасары:

- Кәсіпорындарда жастарға сұраныс өте көп. Қазіргі өндіріске келген жастарға қолдаудың бірі ол “Жаңа баспана” бағдарламасы бойынша төмен пайызбен жаңа пәтер алуға мүмкіншілік беріп отыр.

Алғаш Тараз төрінде өткен жастар форумы, бұдан әрі өзге қалаларда да ұйымдастырылмақ. Бұл бастама жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттырып, салаға қызығушылықты аттырады, дейді Аманат партиясының өкілдері. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев