Қонаевта 42 отбасы баспаналы болды
Конституцияның 30 жылдығына орай Қонаев қаласында 42 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.
18 үй «Қарлығаш» шағын ауданында салынса, қалған пәтерлер қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерден бөлінді. Бұл жолы пәтер кілті әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Әсем Алымханова бұған дейін 5-ші шағын ауданнан пәтер жалдап тұрған. Көпбалалы ана Конституция күні қарсаңында «Қарлығаш» шағын ауданынан салынған жаңа үйдің кілтін алып, қоныс тойын тойлап жатыр.
Әсем Алымханова, қала тұрғыны:
- Шынын айтсам, өзім кішкене толқып, қуанып тұрмын. Қуаныштымын. Әрбір осындай пәтер жалдап жүрген көпбалалы аналарға жұғысты болсын деп тілеймін.
Ал, Анастасия Нетисова туралы біз бұған дейін айтқан болатынбыз. «Алты бала тәрбиелеп отырған ананың үй кезегі жылжымай жатыр», - деп қаңтар айында шағымданған еді.
«Қарлығаш» шағын ауданынан салынған ең үлкен үйдің кілті бүгін Анастасияға берілді.
Анастасия Нетисова, қала тұрғыны:
- Мен көпбалалы анамын. Күткенімізге қанша жыл болды. Осы қуаныштымыз. Бүгін балалар да қуанышты боп қалды.
Асхат Бердіханов, қала әкімі:
- Бізде жоспарда 107 мың шаршы метр жылдың аяғына дейін салып үлгереміз деп отырмыз. Биыл бізде осы үйлерге облыстан 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп жатыр. Мына үйлер приватизацияға өтетін болады.
Дегенмен Қонаев қаласында қазір 3883 адам баспана кезегінде тұр. Алматы облысы бойынша жеті айда 703 мың шаршы метр тұрғын үй қабылданды. Ата заңның 30 жылдығына орай өңірде 17 жаңа нысан пайдалануға берілетін болады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов