Сапа мінсіз болса, сұраныс та көп болады – кәсіпкерлер

Табысты кәсіп сауатты бизнес-жоспардан басталады. Қазір жеке кәсіп ашам деген адамға мүмкіндік көп, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бағытта мемлекет те халыққа түрлі бағдарламалар мен гранттар ұсынып отыр. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы және жалғызбасты аналарды өз ісін бастауға оқытады. Бұл құптарлық жағдай. Себебі әрбір істі бастамас бұрын оның қыр-сырына үйренген дұрыс.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Көпбалалы ана Нұрия Орынбаева 2006 жылы отбасымен Түрікменстаннан Алматыға көшіп келген. Қоныстанған соң үйде бос отырмай азын-аулақ тігін тіге бастайды. Ал, көбірек тапсырыс алуға жұмыс қолы мен қосымша тігін машинасы керек болады. Сөйтіп, ол қайтарымсыз грант алу үшін жоба жасайды. Нарықта тігіншілер көп деген соң үй ақтайтын білікше шығармақ болады. Бірақ бұл жобасы байқаудан өтпей қалады. Кейін өзі сияқты әйелдердің кеңесімен «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басировамен танысады. Сол жерде кәсіптің қыр-сырына үйреніп, 2020 жылы өзі қалаған тігіншілік бойынша 2 млн теңге грант ұтып алады.

Нұрия Орынбаева, кәсіпкер:

- Содан бері бірде-бір тоқтамадым. Жұмыс істеп келе жатырмын. 6 айда мен гранттың есеп беріп тастадым. Өткізіп тастадым. Бір жылдан кейін тағы бизнес бастау деп 5 млн-дық грант ұтып алдым. Сонымен қазіргі күнге дейін істеп келе жатырмын. Мемлекет тарапынан 5 адамның орнын төлеп береді. Жастар практикасы деген оқуды жаңадан бітіріп келген екі жұмысшы қызд бар. Солар бар. Біреуі тігінші, біреуі офис-менеджер.

Қазір 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзі де мемлекет тарапынан берілген қаржыға курс жүргізеді. Нәтижесінде өзіне қажетті дизайнер, конструктор сияқты мамандар дайындайды.

Нұрия Орынбаева, кәсіпкер:

- Қазір оқып жатқан оқушылардың көбі көпбалалы ана, жалғызбасты ана, еңбекпен жұмыссыздыққа тіркеліп, 78 мың теңге алып, Үкімет тарапынан стипендия алып, солай оқып жатыр.

Ал, ұстаз Есенкелді Құлжабаев – ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген шебер. Қайыстан қамшы, былғарыдан белдік пен қолдорбалардың түр-түрін жасайды. Осы күнге дейін 2 мыңнан астам қамшы өрген. Өзі университетте қолөнерден дәріс береді. Бос уақытын сүйікті ісіне арнайды. Заман ағымынан қалмай электронды сауданы меңгерген. Бұйымдарын сататын онлайн дүкені бар.

Есенкелді Құлжабаев, шебер:

- Ұмытып қалмас үшін осы өзіміздің өнерді шама келгенше дәріптеп келе жатырмыз. Енді бұйыртса, зейнетке шығамыз, содан кейін жеке кәсіппен айналасып кететін шығармыз. Жалпы өзімнің ойымда бар, артымнан із қалдырсам, шеберлер, балалар дайындасам деген сияқты. Талабы бар балаларды үйретуге бармыз.

Екі шебер де: «Адам өз ісін сүймесе, қоғамға пайда әкеле алмайды. Сондықтан кәсібіңді жақсы көр. Ал, оны дөңгелету үшін сапаға еңбек ету керек», - деген ұстанымды ұстанады. «Сапа мінсіз болса, сұраныс та көп болады», - дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов