Жаркентте жаңа саябақ ашылды

Ғасырдан астам тарихы бар көне мешіттің алдын абаттандыруға 50 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

Биыл өңірде осындай бес саябақ салынып, 21-іне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  

Көне мешітті көруге келгендер енді тарихи нысан алдында алаңсыз серуендей алады. Юлдашев көшесі қос қапталдан жабылып, толассыз өтетін көлік ағыны тоқтатылды. Көпшілік үшін тізе бүгіп тынығатын орындықтар орнатылып, аумақ абаттандырылды. 

Жанар Аманжолқызы, сәулет-көркемөнер мұражайының қызметкері:

- Бұл жер қаланың орталық көшелерінің бірі болды. Көлікке де үлкен кептеліс ретінде кедергі болған. Халыққа да туристерге де фотоға түскенде де үлкен бір көрініс болмайтын. Саябақ салынғалы бері серуенге де фото жағынан келсек те әдемі саябақ болды. 

Бағдагүл Бейілова, Жаркент қаласының тұрғыны:

- Мына жер бұрын демалатын орын сияқты емес, әрі-бері өтіп кететінбіз. Қазір енді отырып демалуға мәдени орын керемет болыпты. 

Талдықорғанның орталығындағы Біржан сал көшесінің жиегі көп жылдардан бері «жайма базар» болып кеткен еді. Сауда-саттық алаңы биыл ретке келтіріліп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалды.

Социалхан Отарбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Бұрын екі жағын немене етіп тастаған қалың адам жайма жайып отыратын. Мынау деген ойлы шұңқыр болып Жүре алмайтынбыз. Аяғыма операция жасатқызғам. Мына шетімен жүретінмін. Әзір шүкір, бәрі жақсы. 

Өңірде биыл 5 саябақ салынады. Тағы біразы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да жаңартылады.

Диас Досмұханов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 19 млрд теңге қаржы қарастырылды, бөлінді. Соның ішінде 13 млрд теңгесі қоғамдық инфроқұрылымды абаттандыруға, 6 млрд теңге көше жарықшамдарын орнатуға бағытталды. Жыл соңына дейін 21 саябақ, 2 орталық алаң, 51 аула, 83 балалар ойын алаңдары абаттандырылтын болады. 

Жауаптылардың айтуынша, саябақтарды жаңғырту жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Бұл жобаның белгіленген мерзімде толық бітуіне аз уақыт қалғанын көрсетеді.

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов