Көкшетауда ерекше балаларға арналған инклюзивті кабинет ашылды
Көкшетауда «Самұрық-Қазына Траст» қорының қолдауымен инклюзивті кабинет ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Заманауи орталықта ерекше балаларға арналған емдік дене шынықтыру және сенсорлық интеграция залдары бар. Балғындарға дефектолог, логопед, психолог сияқты арнайы білімі бар 30 педагог сабақ береді.
Жаңа инклюзивті білім беру орталығы шаһардағы №13 мектеп-гимназиясында орналасқан. Енді мұнда 101 бала тәлім алады. Кабинет толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған. «Бұл ерекше жеткіншектердің қатарынан қалмай, ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді», - дейді сала мамандары.
Алмаз Ержан, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы инклюзия жөніндегі кеңес мүшесі:
- Тең қоғам жасау саясатына сәйкес, тек қана бір қоғамның кішкентай шетіндегі бір мүшесі емес толыққанды мүшесі ретінде осындай мүмкіндіктер ашылып жатыр. Сондықтан бұл үлкен бір жетістік деп айтса да болады. Себебі инклюзия саясаты кең ауқымды саясат. Сол үшін бұл жанағы ертең экономикаға қатысатын азаматтарымыз болады.
Осыған дейін «Самұрық-Қазына» қоры елорда төңірегіндегі төрт мектепте осындай сыныптар ашқан. Нәтижесінде 164 бала инклюзивті біліммен қамтылды.
Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- «Самұрық-Қазына» қоры тек қана осындай инклюзия кабинеттерді ғана ашпай, оңалту орталықтарын да ашады. Бүгінгі таңда бізде 46 оңалту орталықтары жұмыс жасайды Қазақстан бойынша. Жылдың соңына дейін 55 орталық болады дәл соңдай. Бізде 20 өңірде инклюзиялық мыңнан астам тегін бұқаралық спортпен шұғылданады.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан Ақмола облысында соңғы 5 жыл ішінде 898 миллион теңгеге 14 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный