Атырау мұнай өңдеу зауыты 80 жылдық мерейтойын атап өтті

Биыл елдегі аса ірі және көне кәсіпорындардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылғанына 80 жыл. Осыған орай отандық мұнай өңдеу саласының басында тұрған ұжымды құттықтауға арналған шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

Салтанатты шараға ардагер мұнайшылармен бірге Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «Қазмұнайгаз ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асхат Хасенов және Мәжіліс депутаттары мен министрліктердің өкілдері қатысты. Осы заманғы озық технологиямен жарақтандырылған зауыт былтыр 5,5 млн тонна мұнай өңдеді. Бұл еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі ең озық көрсеткіш болып отыр.

Атырау мұнай өңдеу зауыты ел экономикасының дамуында өзіндік орны бар іргелі кәсіпорын. «1945 жылдың қыркүйегінен зауыттың ғана емес, қазақстандық мұнай өңдеу өнеркәсібінің дамуы басталды деп айтуға болады», - деді зауыт ұжымын құттықтаған өңір басшысы.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Ұлы Отан соғысының аумалы-төкпелі кезеңінде салынған бұл кәсіпорын тек біздің өңір ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр. Дәл осы АМӨЗ зауыты отандық мұнай химиясының негізін қалап, тәуелсіз Қазақстан экономикасының қалыптасуы жолындағы қолтаңбасын айқындай түсті.

Атырау мұнай өңдеу зауыты былтыр 5,5 млн тонна мұнай өңдеп, өңдеу тереңдігін 88%-ке жеткізді. Нәтижесінде кәсіпорын 30-дан астам түрлі мұнай өнімдерін шығара бастады.

Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Мұндай оң қарқын биыл да жалғасуда. Зауыт өткен жылы қазынаға 155 млрд теңгеге жуық қаржы аударып, еліміздегі ең ірі 15 салық төлеушінің қатарынан көрінді. Бұл бірнеше буын мұнай өңдеушілердің маңдай терімен келген жетістік. Біз олардың еңбегін әрқашан құрметтейміз

Салтанатты жиында мұнай өңдеу саласына еңбегі сіңген бір топ ардагерлер мен жұмысшылар түрлі марапаттарға ие болды.

Марат Жұмағалиев, зауыт жұмысшысы:

- Зауыт жетістіктерін бүкіл Қазақстан бүгін тойлап жатыр. Марапаттау рәсіміне қатысып жатырмыз. Зауыт басшыларына, КМГ басшыларына рахмет!

Болашақта кәсіпорын жылына 6 млн тонна мұнай қабылдап, өңдеу тереңдігін 92%-ке жеткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин