Ақтөбеде балалар балабақшадан бастап кәсіби бағдар алады
Болашақ мамандық таңдауға баулитын пилоттық жоба әзірге екі бөбекжайда жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарды қамту жоспарда тұр.
Сонымен қатар орта мектептерде де оқушыларға кәсіби бағдар беру ісіне ерекше назар аударылады. Қазір білім ошақтарында бейіндік сыныптар ашылып жатыр.
Ақтөбеліктер бұл мектепке дейінгі мекемені IT балабақша деп атайды. Мұнда ересек топтың балаларына робототехника, экология мен сәулет саласына қатысты кәсіби бағдар беріледі. Бүлдіршіндер арнайы жасақталған шеберханада іс тігіп, түрлі бұйым жасауды үйренеді.
Толғанай Тілешова, тәрбиеші:
- Мына жерде балалардың жұмыстарын көре аласыздар. Өздерінің ой қабілетімен құрастырған үй, ғимарат және көліктері бар. Кішкентай түрлі механизмдерді қоса отырып олар өздері жүргізетін құрылғылар жасап шығаруда.
Ал мына мектеп-лицейде оқушылар бесінші сыныптан бастап бағдарламалау тілін үйренеді. Балалар мұғалімдердің жетекшілігімен түрлі жоба әзірлеген. Ермұрат Қайрат сыныптастарымен бірге өңірлік робототехника сайысында жүлдегер атанды.
Елмұрат Қайрат, оқушы:
- Мысалы, біз қайық жасадық балықтарды қорғайтын. Бір балық сеткаға түсіп қала ма, соны біз құтқарамыз. Аламыз да мына жіпті кесеміз де, жарақаттанған жерлеріне дәрі жағып, пайдалы витаминдер беріп жазып сосын оны қайтып океанға жібереміз.
Нұргүл Жұмағұлова, информатика пәнінің мұғалімі:
- Бесінші класқа жасанды интелектіні қостық. Программалау тілдері және де компьютерлік графика робототехника деген лицей курстарын қосқанбыз. Бұл деген сөз негізі Қазақстан бойынша программалау тілдерін 6-шы сыныптан бастап оқиды. Біз 5-ші сыныптан бастаймыз. Қиын болмас үшін бізде қарапайым скричтен бастап деңгейлеп компоненттер құрастырған болатынбыз.
Баланы балабақшадан бастап белгілі бір кәсіп түріне баулитын пилоттық жоба әзірге Ақтөбедегі екі бөбекжайда жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта облыстағы мектепке дейінгі тәрбие беретін барлық мекеме қамтылады. Сала мамандары сонымен қатар мектептегі кәсіби бағдар беру ісіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл ретте облыс пен аудан орталықтарында колледждермен бірлесе жұмыс істейтін бейіндік сыныптар ашылды.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 60 мектепте бейіндік сыныптар ашып жатырмыз. Бұл әр аудандарда, Ақтөбе қаласында. Әр мектептегі бейіндік кластарға колледждер келіп, мысалы, ауданның мектептеріне аудандық колледждер, қала мектептеріне қаладағы колледждер, мектепке барып 1 апталық сол жерде колледждің жұмысын және колледждегі мамандықтарды насихаттайды. Оқушылардың сол мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Жаңа оқу жылында колледждерде жұмысшы кадрларды даярлауға арналған орын саны екі есеге артты. Себебі, биыл мектеп бітірген 4 мыңнан астам түлек жұмысшы мамандығын таңдаған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Салькова, Болат Молдагалиев