Елімізде дропперлерге жаза күшейді

Қылмыстық кодекстегі бұл өзгеріс 16 қыркүйекте күшіне енеді. Ендеше, бөтен адамға ақша шешіп берем деп, сан соғып қалмаңыз. Қапыда алаяқтардың сыбайласы болсаңыз, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырыласыз. 

Адамгершілік пе әлде қолының бос қайтпайтыны себеп болды ма? Әйтеуір бұл азамат банк картасының нөмірін жасырмай айтты. Әлбетте, мен ұсынысымның шынайы еместігін жеткіздім. Алайда дәл осындай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Алда-жалда алаяқтардың қармағына түссеңіз, дроппер ретінде күдікке ілінесіз.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Үшінші бір тұлғалар "менің есепшот, банкілік картам бұғатталып немесе жұмыс істемей қалды, үйге ұмытып кеттім деген сылтаулардың негізінде азаматтарымызға жүгінуі мүмкін. Бұл ақша сомасын сіздерге тікелей қолма-қол бергеннен кейін басқа бір шотқа аударсаңыз немесе керісінше, бұл ретте өзіне пайдакүнемдік мақсатта ақша аударған болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Азаматтарымыз байқамай алаяқтық схеманың мүшесі болып табылуы мүмкін.

Иә, 16 қыркүйектен бастап дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әлбетте, пайда табу мақсатында өзінің банк шоты немесе реквизитін үшінші тұлғаға бергендер назарға алынады. Әйткенмен, алаяқтардың сыбайласы болып тұрғанын білмей қалатындар да жеткілікті.

Мәселен, өскемендік Дарын Нұрсапардың 12 жасар баласы жаз бойы тапқан 300 мың теңгесіне телефон алмақ болып, алаяқтарға ұрынады.  Ең қызығы, сатушы мен сатып алушы бетпе-бет кездеседі. Ал ақша мүлде басқа азаматтың шотына түседі.

Дарын Нұрсапар, зардап шегуші:

- Балаға ауыр болып тұр. Зергерлік бұйымдар арқылы алдап тұр. Ешкім ана жерде күмәнданып тұрған жоқ. Балам келіп тұр. Телефон қолында тұр, былай қарасаңыз. Ана жігіт оған сатып тұр, екеуін ана жақтан анау алдап, тағы бір танымайтын үш адамды біріне-бірін шағыстырып, көзді ашып-жұмғанша, электрондық жолмен ақшаны алды да тайып тұрды.

Алаяқтарға қомақты ақшаны шешіп берген азамат күдікті ме әлде зардап шегуші ме, оны тәртіп сақшылары анықтайды. Дегенмен, жаңа ережеге сай заңсыз аударымға септескендерге 160 АЕК айыппұл салынуы мүмкін. Немесе дроппер 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Сот шешімімен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ықтимал.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Жәбірленушілер алаяқтық фактісімен полиция бөліміне жүгінген кезде бірден осы антифрод жүйесіне алаяқтық фактісі тіркеліп, жәбірленушіден бастап, сол ақша кімге аударылғаннан бастап, анықталып, бүкіл шоттар бұғатталады. Бүкіл тұлғалар анықталады.

Алаяқтардың қулығы дес бермей тұр. Бас пайдасын ойлап, оларға жәрдем беріп отырған дропперлер де көп.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Жаңа ереженің мақсаты студент, зейнеткер сынды алданып қалған кінәсіз азаматтарды жазалау емес, заңсыз несие, аударым арқылы шетелдерге кетіп жатқан заңсыз ақша ағынын тоқтату. Бізде миллиардтаған ақша елден шығарылып, оффшорлық шоттарға кетіп, ізім-ғайым боп жатыр. Ал жәбірленушілердің шығынын елдегі алданған азаматтар өтеуде.

Бүгінге дейін елде 16 500 интернет алаяқтығы фактісі тіркелді. Оның 3200-і ғана ашылған. Жауапқа тартылғандар саны 1100-ден асады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жарқын Өрден, Жігер Бабаханов