Елде 4300 алаяқтық қоңырау тіркелді

Осылайша, Заң мен талап күшейгенімен, алаяқтар айылын жияр емес. Биыл елімізде банк атынан жалған қоңыраулар мен хабарламалар екі есе көбейді. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың сегіз айында «банк» жүйесіне қатысты 4 мыңнан астам жалған қоңырау теркелді.

Алаяқтар азаматтарды «шоттарыңыз арқылы күмәнді транзакциялар өтті. Сіздің атыңыздан несие алуға тырысты» деп алдайды. Осындай сылтаумен алаяқтардың өздері несие рәсімдеп, ақшаны жеке шоттарына шығарып алған. Әсіресе Астана, Қарағанды және Павлодар облыстарында осындай жағдайлар көп.

Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі:

- Банктердің қауіпсіздік жүйесіне қатаң талаптар қойылады. 2025 жылдың тамыз айынан бастап тізімге тағы бір талап қосылды. Енді клиент банк қосымшасына бұрын тіркелмеген, басқа құрылғыдан кіретін болса, қайта аутентификациядан өтеді. Бұдан бөлек, егер жүйе клиенттің микрофонға қосылып тұрғанын анықтаса, банк қосымшасындағы операция автоматты түрде бұғатталады. Ол алаяқтардың арбауына түсіп, солардың айтқанын жасап отырған клиенттерді қорғау үшін жасалды. Бұл әсіресе мобильді аударымдарға байланысты қолданылады.