Alatau city – инвесторларға берілген белгі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alatau city жобасына ерекше мәртебе беріп, оны Үкіметке тікелей бағындыру жөніндегі шешімі жаһандық компанияларға берілген белгі. Мұндай пікірді әйгілі KPMG компаниясының серіктесі Пак Мун Гу білдірді. 

Ол Оңтүстік Кореяда осы Alatau city жобасын ілгерілетумен айналысып жүр. Пак мырзаның айтуынша, ірі инвесторлар үшін жобаларды кедергісіз дамыту маңызды. Қазақстанда цифрлық қаланың салынуы елдің инновациялық салалар мен жаңа индустрияларды құрып жатқанын көрсетеді дейді сарапшы. Қазақстанда жаңа қала салу жоспарлары келесі айда Сеулде өтетін роуд-шоуда таныстырылады. Оған Оңтүстік Кореяның бизнес және мемлекеттік ұйымдарынан шамамен 300 өкіл қатысады.

Пак Мун Гу, KPMG Korea компаниясының серіктесі:

- Қазақстан оңтүстіккореялық инвесторларға өте тартымды ел. Сутегі экономикасы үшін газ бен аммиак, ал батареяларды қайта өңдеуге сирек жер металдары керек. Мұның бәрі сіздің еліңізде бар. Жалпы Қазақстан мұнай, газ, минералдарға бай. Мұндай елдер әлемде көп емес. Сондықтан бүгінде шетелдік компаниялар үшін Қазақстан өте тартымды әріптес.