Жамбыл облысында 6 басшы жауапқа тартылды

Жаңа оқу жылы басталғалы Жамбыл облысында 3 мектеп оқушысы қаза болды. Осыған байланысты аймақта 6 басшы жауапқа тартылды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшысы да бар. Қайғылы жағдайдың бірі кеше Тараз қаласындағы мектеп әжетханасында болды. Қазір тілшілеріміз сол жерде. Оқушылар қылмысына байланысты қандай шара қабылданды. 

Мерей Бает, тілші:

- Қатарластарының қолынан қаза болған 9-сынып оқушысы Тараз қаласындағы осы 47 орта мектепте оқыған. Қайғылы жағдай қоңырау кезінде болған. Оқушылар дәрістен соң дәретханаға жиналып төбелескен. Сол кезде бірінің кеуде тұсына ауыр соққы тиіп, жедел-жәрдем жетпей жан тапсырған.

Айжан Мейірханова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- 10:15 те қоңырау болған. Балалар әжетханаға барған. Орын алған оқиға 10:20-да болды деп қалалық Білім бөлімі мәлімдеме берді. Тез арада құқық қорғау органдарымен Білім басқармасының қызметкерлерінен, басқарма басшысы бастап барды . Осы жағдай зерделенді, қаралды. Бүгінгі таңда іс қозғалды.

Аймақта оқу жылы басаталғалы әлімжеттіктен тағы екі оқушы қаза болған еді. Бірі алғашқы қоңырау күні пышаққа ілінсе, екіншісі 3 күн бұрын Шу ауданындағы Көкқайнар ауылында көз жұмды. Полицияның мәліметінше, ауыл мектебінің 10 мен 11-сынып оқушылары футбол ойынынан соң дауласып, үлкендері кішісіне қол көтерген. Салдарынан оқушылардың бірі мерт болды. Енді бұл жайттарды республикадан құрылған топ зерделемек. 

Дәурен Бағжанов, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл:

- Қылмыстық кодекстің 106-бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы айдың 29-на бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Болатованың төрағалығымен мониторингтік топ келе жатыр. Сол топ осы оқиға бойынша барлық мәселесін зерттейді.

Жасөспірімдер арасында ауыр қылмыстың артуына байланысты облыс әкімі шұғыл жиын өткізген. Сөйтіп 6 басшыны жауапқа тартатынын мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары сөгіс алса, Тараз қаласының әкімі мен оның орынбасары қатаң сөгіс алды. Сонымен қоса білім басқармасының басшысы мен Шу ауданының әкімі және орынбасары да қатаң сөгіс алғандар қатарында.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев