Елде 11,6 млн тонна астық жиналды

Елде күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Солтүстікте қазірдің өзінде шаруалар миллион тоннадан астам астықты қамбаға бастырды. Қыркүйектің ортасына жетпей, жоспарланған алқаптың төрттен бірі жиналған. Ала жаздайғы еңбектің жемісін көретін жауапты кезең өзге өңірлерде қалай жүзеге асып жатыр.

Қазір Солтүстіктегі шаруалардың егін орағына білек сыбана кіріскен кезі. Диқандар әр гектардан орташа 15,9 центнерден өнім алып жатыр. Бүгінгі күнге дейін облыста 1 млн 69,6 мың гектар жерден дәнді дақылдар жиналды. Науқанға 7 мыңнан аса комбайн жұмылдырылған.

Александр Хитров, шаруа қожалығының иесі:

- Қазір маусымның қызған кезі. Бізде көктемде сәл жауын-шашынды болды. Соған қарамастан жұмыс тоқтаған жоқ. Егін өсімі де жақсы. Үкіметтен тиісті көмекті де көрсетіп жатыр. Әзірге жоспардағыдай келе жатырмыз.

Елдегі тағы бір астықты аймақ - Ақмола облысы. Бүгінде мұнда 2,5 миллион тонна алтын дән бастырылды. Оның ең көп бөлігі Бұланды ауданында. Жергілікті фермерлер 200 мың гектарға жуық егіс алқабын жинауды жоспарлап отыр.

Ардақ Смайылов, Бұланды ауданының әкімі:

- Бұланды ауданында орақ науқаны қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 23 центнер гектардан орып, алып жатырмыз. Бұланды ауданы бойынша 31% егін жиналды.  

БҚО-да астықты алқаптардың 45%-і орылды. Былтыр майлы дақылдар алқабы 102 мың гектар болса, биыл бұл көрсеткіш 137 мың гектарға жеткен. Бұршақты дақылдар көлемі 2 мың гектардан 22 мың гектарға өсті.

Қайрат Меңдіғалиев, шаруа қожалық жетекшісі:

- Қайсысын да егу керек. Кейде сафлор өтеді, кейде бидай өтеді, кейде арпа өтеді. Бізге сол өтетіні керек қой, сұраныс қай жағынан болады. Сол себептен әртүрлі дәнді дақылдар егу керек. Әлемде не сұраныс, соны егу керек. Биыл енді бидайдың бәрібір бағасы болмай тұр. Қазір беріп тұрған бағасы 5 класс дейді, 3 класс нақты бағасын білмеймін, 5 класқа 75-80 мың беріп тұр. Біздің есеппен құнсыздау.

Биыл көктемде облыс диқандары 638 мың гектар алқапқа егін ексе, соның 289 мың гектары дәнді дақылдар. Жалпы өңір шаруалары осы көктемде 638 мың гектар жерге тұқым сепкен.

Кеңес Қайдашев, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- 11,8 мың тонна арзандатылған дизельді отын бөлінді, 242 теңгеден. Көктемгі-далалық жұмыстарға және егін ору науқанына «Аграрлық несие корпорациясы» «Ақжайық» ӘКК арқылы 5% кредит беруде, 21,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 5%-пен 10,4 млрд шаруашылықтарға берілді. Өтінім қабылдау жалғасуда. 

Министрлік мәліметіне сүйенсек, қазір елде 7,5 млн тонна астық бастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 млн тоннаға артық. Мол өнім алуға қолайлы ауа райы да оң әсер етті. Жылдық жоспар ойдағыдай орындалады деп күтіліп отыр.