Солтүстікқазақстандықтар әлем чемпионы Наталья Богданованы қарсы алды

Солтүстікқазақстандықтар бокстан әлем чемпионы атанған Наталья Богданованы қарсы алды.

Ол Ұлыбританияда өткен жарыста 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. 

Бокстан әлем чемпионы Наталья Богданованы жерлестері әуежайдан дәл осылай құшақ жая қарсы алды. Жеңімпазды құттықтауға ардагерлер, жаттықтырушылар мен ізбасар спортшылары жиналды.

Наталья Богданова, бокстан әлем чемпионы:

- Шынымды айтсам, айтарға сөзім жоқ. Бізге жеңіс оңайға түскен жоқ. Қаншама жаттығу, еңбек еттік және оның нәтижесі алтын болды. Өте қуаныштымын.

Былғары қолғап шебері Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында 4 кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңімпаз атанды. Оны бұл жарысқа дайындаған жеке бапкері - Дастан Қабденовтің де қуанышында шек жоқ.

Дастан Қабденов, Наталья Богданованың жеке бапкері:

- Біздің облыстан еліміздің намысын қорғайтын тұлғалар шығып жатқанына өте қуаныштымыз. Сіздерге де көп рахмет. Үйде, туған жерімізде қолдау өте жоғары деңгейде болды. Оны алыста жүрсек те сезіндік.

Бұл алтын Натальяға зор жауапкершілік артады. Әлем чемпионы алдағы жарыстарда да жеңімпаз атанып, Олимпиада ойындарына жолдама алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков