Президент егін жинау науқанымен танысты
Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары басталды.
Президент егін науқанымен және өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапарын егістіктен бастап, егін жинау науқанымен танысты. Биыл өңірде алқап көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жеткен. Нәтижесінде аймақтағы агроқұрылымдар 7 млн тоннадан астам дәнді, 650 мың тоннадан аса майлы дақыл жинайды деп болжанып отыр. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде мол өнім беретін майлы дақылдар алқабын 2,5 есе артып, 495 мың гектарға жеткен. Президент сапар аясында жергілікті диқандармен кездесті. Әңгімелесу барысында ілкімді іс те, іркіліс те айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтеді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелерін қарастырамыз.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Көрмеге жартылай фабрикаттар, консервілер, ет, сүт және нан өнімдері қойылды.
Авторы: Бекзат Аманов