Бұдан былай қарызға батқан банктер мемлекет меншігіне өтуі мүмкін

Бұл туралы арнайы заң жобасын таныстырған Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындаған құжатта қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар жеңілдеп, нарыққа жаңа қаржылық институттардың келуіне жағдай жасау көзделген. Бірақ бұл банкрот болған банктердің санын арттырып, оларды сауықтыруға тағы да қазына қаржысын арттыра ма деген қауіп те бар. 

Банктер туралы заңдағы жаңалықтың бірі лицензиялаудың екі түрін енгізу. Олар базалық және әмбебап деп бөлінеді. Осылайша нарыққа жаңа ойыншылар келіп, бәсеке артады деген болжам бар. Бірақ салымшылар алдындағы міндетін орындай алмайтын шағын қаржылық ұйымдар саны да артып кетсе не болмақ?

Арман Бейсенбаев, қаржыгер:

- Біздің банк жүйесінде мұндай жағдайлар көп болды. Банк жоғары мөлшерлеме қойып нарықтан қаржы тартады. Ол қаражаттар жалған құжаттар арқылы шетке шығарылады. Құрылтайшылары да шетел асып кетеді. Кейін банктің қарызға батып отырғаны анықталады. Нәтижесінде ол шығынның бәрін мемлекет мойнына алып, банкті сауықтыру үшін бюджет қаржысы құйылады.

Бірақ бюджет қаржысы банкрот банктерді өбектеуге кетеді деген қауіп орынсыз, дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы. Себебі енді мемлекет тек ірі, яғн экономикадағы үлесі жоғары банктерге ғана қол ұшын созады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Банктер туралы жаңа заң бойынша мемлекет банктерге қаржылай көмек көрсетпейді. Тек жүйе құраушы ұйымдардың жарғылық капиталға кіру мүмкіндігі бар. Яғни банкті банкроттыққа әкелген акционердің үлесі мемлекет меншігіне өтеді. Кейін мемлекет оны басқа инвесторға сатып, банкті құтқаруға кеткен шығындарының орнын толтырады. Егер ол қаражат жетпесе, қалғанын қаржы нарығының басқа қатысушылары жинап береді.

Бұл жерде Қазақстанның депозиттерге кепілді беру қорына ұқсас механизм қолданылады. Қазір банктер ай сайын арнайы жарна төлеп келеді. Ол сома банкрот болған банктегі халықтың салымдарына өтемақы ретінде беріледі. Енді қаржы ұйымдарының осыған ұқсас тағы бір төлемі пайда болмақ. Бірақ Мәжілісте бұл әдіс қаншалықты әділ деген орынды сұрақ қойылды.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Жүйе құраушы банк қатарына жатпайтын ұйымдарға мемлекет көмек көрсетпейді. Бірақ банкрот болған ірі банкті құтқаруға кеткен қаражаттың қалпына келтіруге көмектесуі керек. Түсінгенім бойынша, арнайы қор ашылып, онда барлық жарна төлеуге міндеттелмек. Бұған қаржы ұйымдары қалай қарайды?

Одан бөлек бұл өзгеріс тағы бір мәселе туғызып отыр. Яғни қысылтаяң шақта мемлекет тек ірі банктерге ғана көмектессе, капиталдың барлығы солай қарай ағылуына алып келмей ме деген де қауіп бар.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең ірі бес банк жүйе құраушы боп саналды делік. Сонда бұл заң солардың мүддесіне жұмыс істеп кетеді ғой. Яғни кез-келген салымшы бұл ұйымдарды мемлекет құтқарып алатынын білсе, соларды таңдайды ғой. Нарықтағы қалған ойыншылар қалай капитал тартады? Ал ірі банктер мемлекет көмегіне арқа сүйеп алады ғой.

Заңда жүйе құраушы банктерді Ұлттық банк анықтайтыны жазылған. Депутаттар бұл да ашықтыққа қайшы екенін айтады. Сондықтан талаптарды заң нормалары арқылы бекітуді ұсынды. Енді арнайы жұмыс тобы жобаны жан-жақты талқыламақ.

Авторы: Серік Селеубайұлы