Бокстан әлем чемпионы Аида Әбікееваны жерлестері қарсы алды

Қарағандылықтар бокстан екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікееваны қарсы алды.

Қазақстан әйелдер құрамасында 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген боксшы Ливерпульдегі әлем чемпионатында алтын жүлдегер атанды. Батыр қызды туған-туысы мен жанкүйерлер әуежайда күтіп алды.

Дүние жүзін тағы бір мәрте мойындатқан батыр қызды жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл жеңіс Аида үшін оңайға соқпады. Қарсыластарының барлығы кілең сайдың тасындай мықтылар болды. Ширек финалда оған Олимпиада чемпионы түркиялық Бусеназ Сюрменеліден қарсылас болса, финалда өзбекстандық Навбахор Хамидовадан басым түсті.

Аида Әбікеева, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы:

- Иә, әлем чемпионаты аяқталды. Әрине, қазақ елінің қолдауын сезіндім. Қарағанды қаласына, басқармаға, федерациясына рахмет. 1,5 ай бұрын Астана қаласында әлем кубогы болған. Сонда түрік қызына есе жібергенмін. Осы жолы ¼ финалда кездестік. Барымды салдым, жақсы көңіл-күймен шықтым. Бапкерлерім  маған қалай істейтіні туралы тактикалық жұмыс қойды. Сол тактиканы орындап шықтым.

Осылайша Аида бір жылдың ішінде екі рет әлем чемпионы атанды. Ол наурыз айында Сербияның Ниш қаласындағы дүниежүзілік бәсекеде топ жарған.

Елдос Сайдалин, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері:

- Біріншіден, өзінің әлем чемпионы екенін дәлелдеу бар, сол нәтижесін қайталау маңызды. Әрине, оған салмақ, жауапкершілік көп болды. Әр кездесуі тамаша, тактика барлығы бар. Керемет жетістікке жетіп отыр. Ең басты мақсатымыз 2028 жылы болатын олимпиада. Сол жақтан алтын алу.

Ата-анасының айтуынша Аида нағашы ата-әжесінің қолында өскен. Ол кісілер де спортшы болған. Екеуі де Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебінің ең алғашқы түлектері. Кенжебек Әбікеев еркін күреспен айналысса, жары Мағрипа Қыздарова баскетбол ойнаған.

Қарлығаш Әбікеева, Аиданың анасы:

- Атасы спорт мектебіне апарды. Аида спорт мектебіне 7-і сыныпта түсіп, 11 жылдықты тәмамдады. Осы жолы үлкен сапарға жолдама алды. Үйден жолға шыққанда, баласын бәйгеге қосқанда тақымын қысып отырады. Үйде тақымымызды қысып, дұғамызды оқып, ақ жол тілеп отырған жайымыз бар. Енді қызымыз екі дүркін әлем чемпионы болып жатыр.

«Ливерпульде  жүлде алған бес қыз Семейде өтетін ел чемпионатынан босатылады. Бірақ демалыс уақытының өзінде жаттығу үзілмейді. Жауапкершілік үлкен, босаңсуға болмайды», - дейді Аиада. Оның ендігі арманы Олимпиада чемпионы атану.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит