Петропавлда осы айдың аяғында жылу беріле бастайды

Петропавлда осы айдың аяғында  аурухана, мектеп пен балабақшаларға  жылу беріле бастайды.

«Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің құбырларын сынақтан өткізу және тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы үйлердің 68 пайызы дайын. Жазда жылу электр орталығындағы біраз жабдық жаңартылды. Көмір қорын да толтырып жатырмыз», - дейді жауаптылар. 

Людмила Ушакова 20 жылдан бері пәтер иелері кооперативінің төрағасы болып жүмыс істейді. Кооперативке қарасты 9 қабатты тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Құбырлар тексеріліп, төлқұжат берілді.

Людмила Ушакова, ПИК төрағасы:

- Жылу беру мамырда тоқтатылды. Маусымда құбырларды жуып, шайып, шілденің 3-і күні қысқы маусымға дайын деген төлқұжат алдық. Бұл шараны жылда ұйықытында ұйымдастырамыз.

Қазір қаладағы 804 үй жылыту маусымына дайын тұр. Бұл тұрғын үй қорының 68 пайызы. Дайындық жұмыстары жылу электр орталығында да жүріп жатыр. Биыл кәсіпорынға 26 млрд теңге инвестиция салынды. Оған жылу қазандықтары мен турбоагрегаттар жаңартылды.

Петр Богданов, Коммуналдық кәсіпорын бас директорының орынбасары:

-  Жаңа мұржа қазір сынақтан өтіп жатыр. Қыркүйек айының соңына қарай толық іске қосылады. Жалпы жылу электр орталығы қысқы маусымға сақадай сай. Қазір алдын ала өтініш бойынша 133 нысанға жылу берілді.

Солтүстік Қазақстан облысына қысқы маусымға 620 мың тонна көмір қажет. Қазір бюджеттік ұйымдар қатты отынмен толық қамтылды. «Тұрғындардың сұранысы да қанағаттандырылған», - дейді мамандар.

Қуандық Шақыбаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір жолда 206 вагон көмір келе жатыр. Бұл 15 мың ға жуық тонна қатты отын. Тасымал бойынша мәселе жоқ. Қор жеткілікті. Сондықтан тұрғындарға қысқы жылыту маусымына күн суымай қамданып алған абзал.

Көмір қорымен жылу электр орталығы да қамтамасыз етілді.  Кәсіпорынға   260 мың тонна қатты отын мен мазут жеткізілген.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков