Архив ісін дамытуға бағытталған жаңа заң қабылданды
Архив ісі мамандарының жалақысы арнайы заң аясында артады. Ауылдағы сала қызметкерлеріне 25%-ке дейін үстемақы қосуға мүмкіндік бар.
Қазір олардың айлығы 100 мың теңге шамасында. Енді жергілікті әкімдіктің құзыреті кеңейтіліп, кем-кетік бюджеттен өтеледі. Депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» деген мәртебе беруді де құп көрген. Бұдан мұрағат мамандарының мұрты майланбаса да, демеу ретінде еңбекақысы еселенеді. Қаңтардан бастап Алматыдағы Орталық мемлекеттік және Астанадағы Ұлттық архив қызметкерлеріне 400 мың теңгеге жуық жалақы беріледі. Ал, қазіргі көлемі 200 мың теңгеге де жетпейді. Сосын, әлбетте, саланың әлеуетін көтеру көзделген. Электрондық архивтермен жұмыс істеу бойынша құқықтық база кеңейтіледі. Яғни, қағаз құжат цифрлық нұсқаға ауыстырылады. «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі де пайда болады. Жаңа норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтуы тиіс.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл ретте әлемдік тәжірибелерден оқшау қалмай бір трендте жүру қажеттігін түсінген жөн. Мысалы, Эстонияда бүкіл архив жүйесі толығымен цифрланған. Әрбір құжат онлайн режимде қолжетімді. Оңтүстік Кореяда архивтер мәртебесі бойынша тиісті қаржыландыруымен ғылыми мекемелерге теңестірілген. Қазақстанда да осындай қадам жасалып отыр. Біз артта қалмай, қазіргі заманғы стандарттарға сай әрекет етеміз. Бұл орайда сонымен бірге осы заң жобасының аясында жылдар бойы қордаланған өз мәселелерімізді де шешіп аламыз.