Астанада Жас дін көшбасшыларының ІІ форумы өтті

Сын-қатерлер артып, қақтығыстар белең алған шақта халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесіне қажеттілік артады.

Ал орнықты дамудың кепілі – жастар. Астанада өткен жас дін көшбасшыларының форумында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Шараға қатысушылар да жас буынның қоғам мен адамзат тарихындағы рөліне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау кезеңде қабырға емес, көпір салуымыз керектігін айтты. Жаһандық климаттың өзгеруі мен экологиялық апаттар – әлемге жойқын салдарын тигізіп жатыр. ХХІ ғасырдың ең күрделі түйткілдерін еңсеруде жас көшбасшыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл жолда ашықтық, адалдық және сенімге негізделген диалог арқылы барлық мақсатқа қол жеткізуге болады. Қазір Қазақстан бейбіт өмір сүру мен мәдени әралуандылықты құрметтеу қағидаттарын дәріптеп келеді.